Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария өзені су ресурстарын реттеу мен Арал теңізінің экожүйесін сақтау мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария өзені су ресурстарын реттеу мен Арал теңізінің экожүйесін сақтау мәселелерін талқылады

25 қарашада Түркістан қаласында Қазақстан мен Өзбекстанның Өңіраралық ынтымақтастығының III форумы аясында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Трансшекаралық тәуекелдерді басқару. Экологияны сақтау және қорғау» атты панелдік сессия өткізді.

Сессия жұмысына Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С. Қожаниязов, Өзбекстан Республикасының Экономикалық даму және кедейлікті азайту министрінің орынбасары Б. Әбдіназаров, Өзбекстан Республикасының Экология және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Ж. Қазбеков, сондай-ақ екі тараптың мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

Панельдік сессия барысында Сырдария өзені суларының сапасының жай-күйі, трансшекаралық ағындардың су экожүйелеріне әсері, Арал теңізінің құрғаған түбінде Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен іс-қимылдары және т.б. мәселелер талқыланды.

Панельдік сессияның қорытындысында Қазақстан тарапы:

- Сырдария өзені бойынша экологиялық су жіберу ұғымын заңнамалық деңгейде анықтауды;

- Сырдария өзені бассейнінің қоршаған ортаны қорғау және су сапасы мәселелері бойынша Қазақстан-Өзбекстан бірлескен жұмыс тобына Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан елдерді (Қырғызстан және Тәжікстан Республикалары) тарту жөніндегі жұмысты мемлекетаралық деңгейде жандандыруды;

- Сырдария өзені бассейнін ластауға әсер ететін көздерді түгендеу жөнінде жүйелі іс-шараларды жасақтауды ұсынды.

«Біз ортақ құқықтық ұстанымдар, өзара құрмет пен мүдделерді сақтау негізінде өңір елдерінің күш-жігерін біріктіріп қана өңірлік тұрақтылықты, трансшекаралық өзендердің су ресурстарын келісіп басқару мен ластанудан қорғау проблемаларын шешуді қамтамасыз етуге және сол арқылы қазіргі проблемаларды табысты шешуге болады деп санаймыз», - деп түйіндеді вице-министр С.Қожаниязов.

Өз кезегінде Өзбекстан тарапы өз аумағында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы, атап айтқанда, сексеуіл отырғызу, Арал теңізінің құрғаған түбінде трансшекаралық табиғи резерваттар құру, сондай-ақ «Аралқұм» ұлттық паркін құру туралы хабардар етті.

Тараптар осы бағытта бірлескен жұмысты және тәжірибе алмасуды жалғастыруға келісті.