«Қызыл кітапқа» енген жануардың ұшасын жасыруға тырысқан браконьерлер ұсталды

«Қызыл кітапқа» енген жануардың ұшасын жасыруға тырысқан браконьерлер ұсталды

 

Браконьерліктің жолын кесу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында «Охотзоопром» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының инспекторлары Жалағаш ауданының Төгіскен жерінде Шардара ауданының Шәкілі ауылының тұрғынын ұстады. Тексеру кезінде ұсталған адамның көлігінен Қызыл кітапқа енгізілген қарақұйрықтың ұшасы табылды.

Күдікті ұсталған жерге жедел тергеу тобы шақырылды. Инспекторлар полиция қызметкерлерін күтіп тұрғанда Қызылорда қаласының екі тұрғыны оқиға орнына келіп, инспекторлардың қызметтік автокөліктерінің бірінің дөңгелегіне мылтықтан оқ атқан. Содан кейін инспекторларға қауіп төндіріп, қарақұйрық ұшасын алып кеткен.

Ұзамай инспекторлар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқ атқан браконьерлерді де ұстады. Аталған факті бойынша олар ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабының 4-тармағы («Заңсыз аң аулау») және 380-бабының 2-тармағына («Билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық қолдану») сәйкес Жалағаш аудандық полиция бөлімшесінде қамауға алынды.