Фермер Асан Аблаев: «Биыл сумен қамтамасыз етуде проблемалар жоқ»

Фермер Асан Аблаев: «Биыл сумен қамтамасыз етуде проблемалар жоқ»

«Қырмысхан» шаруа қожалығы суармалы суды Д.Қонаев  атындағы Үлкен Алматы каналынан алады. Асан Аблаевтың ауданы 600 гектарды құрайтын шаруашылығы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бижанов ауылында орналасқан. Фермер 20 жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысып келеді. Соя, бидай, сұлы, жүгері, жоңышқа өсіріп, еліміздің агроөнеркәсібі саласына сүбелі үлес қосуда. Сондай-ақ, мал шаруашылығымен де айналысады. Сиыр сүтін Қазақстанның ірі сүт өңдеу зауыттарының біріне жеткізеді.

«Үлкен Алматы каналының басшылығы жергілікті шаруа қожалығы иелерімен кездесіп, көтерілген барлық өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешуге басымдық беруде. Кемшіліктер жұмыс барысында түзетіліп жатыр. Бізге жақсы суаруды қамтамасыз ету үшін ұсыныстар беріледі, мысалы, егістікті бірнеше ұяшықтарға бөлсе суару тиімдірек болатыны айтылды», – деді Асан Аблаев.

Суды үнемдейтін технологияларды, мысалы, жаңбырлататын қондырғыны орнатуға келер болсақ,  фермердің айтуынша, оның мұндай үлкен салымдар үшін әлі қаржылық мүмкіндіктері жоқ, сондықтан бүгінде бұл мәселеде тек мемлекеттен үміт күтеді.

«Тамшылатып суаруға келетін болсақ, ол барлық жерде қолайлы емес. Мысалы, жоңышқа үздіксіз суаруды қажет етеді», - дейді Асан Аблаев. Фермердің  айтуынша егістік алқабы таулы-тасты. Сол себептен суармалы су көп мөлшерде қажет. «Бүгін суарғаннан кейін бір апта суармасаң,  бәрі кеуіп қалады: 40 см топырақтың асты тас. Осы себепті біз жиі суаруымыз керек. Алайда  қаражат мәселесі қымбатқа шығады».

Айта кетейік, Асан Аблаевтың шаруа қожалығында 25 адам жұмыс істейді. Ауданда да ірі фермерлері бар. Олардың әл-ауқаты осы жердегі суға байланысты.