Экология министрлігі Әділов Төлебай Ақжігітұлының отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтады

Экология министрлігі Әділов Төлебай Ақжігітұлының отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтады

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұжымының және министр М.Мырзағалиевтің атынан Әділов Төлебай Ақжігітұлының отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтамыз.

Төлебай Ақжігітұлының қазасы экология саласында қызмет етіп жүрген әр жанға оңай тимесі анық. Себебі, ол майталман маман ғана емес, үлкен жүректі адам еді.

Ол 1959 жылы 10 сәуірде Көкшетау қаласында дүниеге келген. Өзінің еңбек жолын қарапайым мұғалім ретінде бастап, химия пәнінен сабақ берді.

Қоршаған ортаны қорғау жүйесінде 1991 жылдан бері жұмыс істеді. Қатардағы қызметтерден бастап ҚР Қоршаған орта министрлігінің басшылық лауазымдарына дейінгі жолдан өтті.

Министрліктің қызметкері ретінде ол 2007 жылғы Экологиялық кодекстің жобасын әзірлеуге белсенді түрде атсалысты.

Сол кездегі Астана қаласында және Шымкент, Тараз, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Теміртау қалаларында төмен көміртекті жоспарлау мәселелерімен айналысты. Киото хаттамасын ратификациялауға және төмен көміртекті жобаларға инвестициялар тартуға қатысты.

Ол Қазақстанның экологиялық мүдделерін Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасында төмен көміртекті даму және саланың әлеуетін нығайту жөніндегі ұлттық сарапшы ретінде қорғады.

Өмірінің соңғы жылдары қоғам қайраткері ретінде «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ-да еңбек етіп, экология мәселелерімен белсенді айналысты. Ол 2020 жылғы жаңа Экологиялық кодексті әзірлеушілердің бірі болып табылады.

Төлебай Ақжігітұлының ел экологиясының дамуына қосқан үлесі орасан. Осындай ерен еңбегі үшін ол Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен және «Экологиялық қызметке 30 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Астанаға 10 жыл» медальдарымен марапатталған.

Төлебай Ақжігітұлының өнегеге толы өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Ол өзінің әріптестерінің, қатарластарының есінде парасат-пайымы жарасқан адал да жауапты, қарапайым да қайырымды жан ретінде сақталады. Қазақ «Жақсының аты өлсе де, хаты өлмейді» деген. Төлебай Ақжігітұлының экология саласындағы баға жетпес тәжірибесі, өлшеусіз еңбегі барда ол мәңгілік жасай бермек.