Бұл туралы «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров мәлімдеді.
Оның айтуынша, биылғы жылы өңірде су аздығының күтілетін кезеңіне байланысты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі мен Су ресурстары комитетінің, сондай-ақ «Қазсушар» РМК өкіміне сәйкес Филиал аудандық және облыстық әкімдіктермен бірлесіп алдын алу шараларын қабылдау үшін арнайы комиссия құрды.
Ең алдымен, су тапшылығыжөніндегі болжамдар және егістіктер бойынша индикативтік жоспарды сақтау қажеттілігі туралы жергілікті ауыл шаруашылық тауар өндірушілері хабардар етілді. Оларға осы жоспарда көзделген егіс көлемінен аспау ұсынылатыны, ал жоспарланғаннан асып кеткен алқаптарға су беру жөніндегі келісімшарттар жасалмайтыны ескертілді.
Сондай-ақ, филиал вегетациялық кезең басталғанға дейін республикалық меншіктегі магистралдық, шаруашылықаралық арналарды механикалық тазарту жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, су тапшылығына байланысты облыстардың осы сала басшыларымен келісе отырып, ҚР ЭГТРМ Су ресурстары комитетінің төрағасы және облыс әкімінің орынбасарымен бірлесіп, егіс алқаптарының сумен қамтамасыз етілмей қалу қаупін азайту жөніндегі шаралар жоспары құрылды.
«Бүгінде біз пайдаланушыларымызды сумен 100% дерлік қамтамасыз етеміз, барлығы 2 млрд 78 млн текше метр су жеткізілді. Біз барлық арналар бойынша су айналымының кезектілік жоспарын жасадық, - дейді Жорабек Ерназаров. - Су тапшылығын болдырмау үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда. Мысалы, Шиеліде және басқа аудандарда біз Қызылорда филиалынан өз күшімізбен жетіспеушілік жағдайында қосымша су беру үшін сорғылар орнатып жатырмыз».
Қармақшы ауданында егіс алқабы үшін Батыс Қармақшы коллекторының коллекторлық суын қайта пайдалану жоспарлануда. Қазір бұл жұмыстарға 16 машина, 26 жұмысшы, 10 инженер тартылған. Біздің мамандар мен басшылық пайдаланушыларды сумен қамтамасыз ету бойынша туындайтын мәселелерді шешу үшін таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеуде.
Бүгінгі таңда «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалында 800-ге жуық қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде машинистер, реттеушілер, гидротехниктер және т.б.
Республикалық бюджет есебінен Қызылорда облысында 67 сорғы қондырғысын сатып алу жоспарлануда. Бүгінде бүкіл өңір бойынша осындай 40-қа жуық қондырғы жұмыс істейді.
Жорабек Ерназаровтың айтуынша, суару жүйесін автоматтандырудың бес жылдық жоспары аясында биыл облыстың бес арнасын суды есепке алу құралдарымен жабдықтау жоспарланып отыр. Бұл жаңа Шиелі магистралды арнасы, О-2 шаруашылықаралық арнасы, Келінтөбе магистралды арнасы, «Әйтек» шаруашылықаралық арнасы және «Сунақ-Ата» шаруашылықаралық арнасы. Қазіргі уақытта филиал арналардың түсірілімін, инженерлік-геодезиялық ізденістерді және т. б. жүргізуде.
Айта кетейік, Қызылорда облысында егін егу тек суармалы жерлерде жүргізіледі, олардың жалпы ауданы 240 мың га құрайды, оның ішінде биыл ауыспалы егіске 180 мың га тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мың га артық. Бұл ретте биылғы жылы күріш егу 83,5 мың гектарды құрады.
Суармалы егіншілік алқаптарын кеңейтуге гидротехникалық құрылыстар, оның ішінде Қызылорда гидроторабы арқылы қол жеткізіледі.
Қызылорда қаласы мен облыстың Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарының аумағында орналасқан Қызылорда су электр кешенінің жобалық қуаты - бұл 110 мың гектар ауылшаруашылық жерлерін және 250 мың гектар шабындықтар мен жайылымдарды сумен қамтамасыз ету.