2021 ж. 15 маусым, Министр М.Мырзағалиевтің Үкімет отырысындағы баяндамасы

2021 ж. 15 маусым, Министр М.Мырзағалиевтің Үкімет отырысындағы баяндамасы

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Құрметті отырысқа қатысушылар!

Өңірлердегі экологиялық проблемаларды шешу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама етуге рұқсат етіңіздер.

Бүгінгі күні өңірлердің негізгі экологиялық проблемалары: атмосфералық ауаның, жер үсті суларының ластануы және қалдықтармен жұмыс істеудің жетілмеген жүйесі болып табылады.

Мәселен, атмосфералық ауаның экологиялық мониторингіне сәйкес өткен жылдың қорытындысы бойынша қырық бес (45) өнеркәсіптік қала мен мегаполистің ішінен он (10) қала атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне жатады.

Бұл - Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары. Ластаушы заттардың шығарындыларының жалпы көлемі екі жарым (2,5) миллион тоннаны құрады.

Жер үсті суларының ластануының негізгі себептерінің бірі ескірген кәрізтазарту нысандары болып табылады. Былтыр республика бойынша ластаушы заттар төгінділерінің жалпы көлемі бір де бір (1,1) миллион тоннаны құрады.

Өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс істеу проблемасы да шешілмей тұр. Атап айтқанда қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келмеуі, оларды өңдеу деңгейінің төмендігі және апатты үйінділер.

Министрлік «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде экологиялық проблемалар мен оларды жұртшылықпен, әсіресе, барлық өңірлердегі эко-белсенділермен талқылап, шешу жолдарын қарастырды.

Талқылау нәтижелері бойынша жұртшылықпен, әкімдіктермен және табиғат пайдаланушылармен бірлесіп он жеті (17) Жол картасы әзірленді. Барлығы төрт жүз сексен бес (485) іс-шара қарастырылған. 2021 жылы тоқсан бес (95) іс-шара өткізу жоспарланған. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жалпы жетпіс (70) іс-шара көзделген болатын. Оның ішінде қырық екі (42) іс-шара орындалып, жиырма сегізі (28) орындалмаған. Слайдта өңірлерге жіктелген Жол карталарының орындалу барысы көрсетілген.

2025 жылға қарай Жол карталарын іске асыру он (10) қалада атмосфераның ластану индексін жоғары деңгейден орташа деңгейге дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл атмосфералық ауаның жай-күйін жақсартуға ықпал етеді. Бұдан басқа, жеті (7) кәрізтазарту нысандары мен жиырма төрт (24) жаңа полигон салынады. Он екі (12) кәрізтазарту нысандары қайта жаңғыртылады. Сондай-ақ тарихи ластанған жерлерді қалпына келтіру және жою жұмыстары жүргізіледі.

Өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі Жол карталарын іске асыру барысы туралы қысқаша айта кетуге рұқсат етіңіздер.

Атырау облысы бойынша «Тухлая балка» булану алаңын қалпына келтіру басталды. Атырау қаласының сол жағалауында биыл жаңа кәріз-тазарту құрылғылары пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ, 2023 жылы аяқталатын ескі кәріз-тазарту нысандарын қайта құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы «Квадрат» булану алаңын тазарту аяқталады.

Ақтөбе облысында ферроқорытпа зауытында цехтарды жаңғырту және қайта құру жобасын іске асыру басталды. Нәтижесінде 2022 жылдың аяғында  шығарындылар отыз пайызға (30%) азаяды.

Алматы қаласы бойынша екінші және үшінші жылу электр орталығын жаңғырту жөніндегі жобаны жеделдетуді қажет етеді.

Өз кезегінде, әкімдік қоғамдық көлікті газға көшіру және жел режимін зерттеу жұмыстарын жүргізіп, кейіннен бас жоспарға түзетулер енгізуі керектігін атап өтемін.

Қарағанды облысында қол қойылған «Арселор Миттал Теміртау» меморандумына сәйкес 2025 жылға дейін атмосфераға шығарындыларды отыз пайызға (30%) төмендетуге міндеттенеді. Сондай-ақ Теміртау қаласының айналасына бес жүз (500) мың ағаш отырғызу жүзеге асырылады.

Шығыс Қазақстан облысында «Казцинк» кәсіпорынының меморандумына сәйкес атмосфераға шығарындылар жиырма пайызға (20%) төмендейді деп күтілуде. Сондай-ақ, қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары сәйкестендірілетін болады.

Маңғыстау облысында «Қошқар ата» тарихи ластануын жою басталды. Аяқтау 2023 жылға жоспарланған. Бұдан басқа, «ҚазМұнайГаз» компаниясы 2024 жылға дейін екі жарым (2,5) млн.тонна мұнай қалдықтарын жою және кәдеге жарату жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде төрт жүз отыз жеті (437) мың тонна жойылды.

Өңірлердегі экологиялық проблемаларды шешу олардың қысқа мерзімді перспективада орындалуын талап ететінін ескере отырып, Жол карталарын белгіленген мерзімде орындау жөнінде түбегейлі шаралар қабылдау қажет деп санаймыз.

Елдегі экологиялық жағдайды жақсартудың нақты мүмкіндігі өнеркәсіпте ең озық қолжетімді технологияларды енгізу болып табылады. Жаңа Экокодекске сәйкес ең озық қолжетімді технологияларға көшу 2025 жылдан бастап жоспарлануда. Ол үшін тиісті Бюро құру, кәсіпорындардың кешенді технологиялық аудитін жүргізу, ең озық қолжетімді технологиялар бойынша анықтамалықтар әзірлеу және басқалары жоспарлануда.

Кәсіпорындардың технологиялық аудиті басталды. Екі жыл ішінде (2020-2021) сексен екі (82) ірі компаниялар аудиттен өтті. Бес (5) анықтамалықты әзірлеуге кірістік. 2023 жылдың соңына дейін отыз (30) анықтаманы әзірлейміз.

Бірінші кезеңде (2020-2035) ең озық қолжетімді технологиялары шығарындылардың сексен пайызын (80%) бөлетін елу (50) кәсіпорында жүзеге асырылады. Оған жылу энергетикасы, тау-кен металлургиясы, мұнай–газ компаниялары кірді.

Екінші кезеңде бірінші санаттағы қалған кәсіпорындар (2,5 мыңнан астам кәсіпорын) қатысады.

Егер кәсіпорын ең озық қолжетімді технологияларды енгізбесе, эмиссия үшін төлем ставкалары БІРНЕШЕ ЕСЕ артады.

Түзілген қатты тұрмыстық қалдықтар көлемін айтарлықтай қысқарту үшін заңнамалық деңгейде «Waste to Energy» тетігі енгізілді. Бұл жерде қалдықтарды жағу арқылы электр энергиясын өндіріп, жаңартылған энергия көздері секілді, ортақ электр желісіне беру көзделген.

Қоқыс жағатын зауыттар салу үшін алты (6) қала анықталды. Биыл он төртінші (14) мамырда аукциондық сауда-саттыққа қатысушылардың тізіліміне енгізу үшін құжаттарды қабылдау басталды.

Тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын полигондардың жалпы саны үш мың үш жүзді (3300) құрайды. Алайда, оның сексеннен астам пайызы (81,2%) экологиялық және санитарлық нормаларға СӘЙКЕС КЕЛМЕЙДІ.

Сонымен қатар, бүгінгі күні ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша заңсыз қоқыс тастайтын екі жарым мың (2539) учаске анықталды.

Осыған байланысты, Асқар Ұзақбайұлы, әкімдіктер полигондарды санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келтіруді және үш ай мерзімде рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жоюды тапсыруды сұраймын.

Қазіргі уақытта автокөлік атмосфералық ауаны ластаудың негізгі көздерінің бірі болып табылады. Оның себептерінің бірі - автокөлік құралдарының тозуы. Үш миллион тоғыз жүз мың (3,9 млн) тіркелген автомобильдердің ішінде пайдалану мерзімі он (10) жылдан асқан екі жарым миллион (2,5) көлік бар. Яғни алпыс төрт пайызды (64%) құрайды.

Өткен жылдың соңында «Техникалық реттеу туралы» Заңының қабылдануымен жанар-жағармай құю бекеттеріндегі отынның сапасын К4 және К5 экологиялық сыныптарына сәйкестігіне бақылау күшейтілді.

Осыған байланысты, Сауда және интеграция министрлігіне жанар-жағармай құю бекеттеріндегі отынның сапасын бақылауды жүзеге асыру қажет деп санаймыз.

Бұдан басқа, техникалық байқау станциялары мен автокөлік иелерінің (ИИДМ) жауапкершілігін күшейту өте маңызды болып табылады. Өз кезегінде, әкімдіктер автопарктерді жаңарту жұмыстарын жалғастыруы қажет.

Бұдан басқа, көліктің ауаны ластау мәселесін шешу үшін электр қозғалтқышы бар көлік құралдарын пайдалануды ілгерілету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол үшін биыл маусым айында утилизациялық алымға «нөлдік» ставканы енгіздік.

Сондай-ақ, «Өндірушінің кеңейтілген жауапкершілігі» Операторымен тиісті инфрақұрылымды құру мақсатында электр көліктерін зарядтау станцияларын дамыту бойынша пилоттық жоба іске асырыла бастады. Нұр-Сұлтан (50) және Алматы (52) қалаларында жүзден (100) астам зарядтау станциялары жұмыс істейді.

Биыл ұзындығы үш мың (3,0) километр ірі қалааралық трассаларда қырық алты (46) жаңа электр көліктерін зарядтау станцияларын орнату жоспарланған.

Жаңа Экология кодексінде жергілікті атқарушы органдардың қоршаған орта мәселелеріндегі өкілеттіктерін едәуір күшейту және кеңейту көзделген. Кодекс күшіне енгеннен кейін, әкімдіктер әрбір бес (5) жыл сайын қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін және оны жақсарту жөніндегі іс-шараларды бекітуге тиіс.

Бұдан басқа, әкімдіктерге ауа сапасы нашарлаған кезде көлік құралдарының кіруіне шектеу енгізу құзыреті берілді. Сондай-ақ қолайсыз метеорологиялық жағдайларда, мысалы, желсіз жағдайда, әкімдіктер ластаушы кәсіпорындардың қызметіне уақытша шектеулер енгізе алады.

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, Мемлекет басшысының орман қорына 2 миллиардтан астам ағаш отырғызу туралы тапсырмасы бойынша баяндауға рұқсат етіңіз. Орманды молықтыру мен орман өсірудің алдағы бес жылдарға (2021-2025) жылдарға арналған кешенді жоспарлары бекітілді. Орман және табиғат қорғау мекемелерінің іс-қимылын үйлестіру жөніндегі Штаб құрылды.

Осы жылы жиырма бесінші (25) мамырдағы жағдай бойынша жиырма бір де алты (21,6) мың гектар алаңында сексен бір жарым (81,5) миллион ағаш отырғызылды.

Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл отырғызу мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Мың тоғыз жүз тоқсаныншы жылдан бастап екі мың жиырма бірінші жылға дейін жүз тоқсан бес (195) мың гектар жерге 9%)  сексеуіл отырғызылды. Бірнеше апта бұрын арнайы экспедиция жұмыс жасап келді. Өсіп тұрған екпелерге тексеру жүргізілді. Табиғи жолмен өсіп тұрғандарды санағанда  ауданы үш жүз отыз жеті (337) мың га құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз сексеуілді отырғызу бойынша кешенді бағдарлама әзірлеп жатырмыз.  Алдағы он жыл ішінде (2021-2030) бір де бір (1,1) миллион гектар жерге сексеуіл отырғызу жоспарлануда.

Көгалдандыру бойынша тапсырмаларды сапалы орындау мақсатында, құрметті Асқар Ұзақбайұлы, әкімдіктерге келесі жұмысты жүргізуді тапсыруыңызды сұраймын:

- орман отырғызу және егу учаскелерін анықтау үшін іздестіру (Атырау облысын қоспағанда);

- орман тұқымдарымен қамтамасыз ету үшін орман тұқымы базасының жаңа объектілерін құру;

- орман питомниктерін (Ақмола, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, СҚО) қайта жаңарту және құру;

- техника мен жабдық сатып алуға;

- орман екпелерін құру және күтім жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ету.

Сонымен қоса, Асқар Ұзақбайұлы, қажетті нәтижеге қол жеткізу үшін облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдеріне жол карталарын іске асыруды қамтамасыз етуді, жұртшылықпен олардың орындалуы бойынша тоқсан сайын кездесулер өткізуді тапсыруды сұраймын.

Назарларыңызға рахмет!