Геология саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы әзірленуде

Геология саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы әзірленуде

Қорлардың төмен толықтырылуы бүгінгі күні геологиядағы өткір мәселелердің бірі болып табылады, деп атап өтті экология министрі Мағзұм Мырзағалиев халықпен есептік кездесуінде.

Оның айтуынша, соңғы онжылдықта республикада полиметалл кендерінің көптеген ірі кен орындары игерілген, кейбір облыстарда жыл сайын мұнай өндіру көлемі төмендеуде. Сонымен қатар, елде көмірсутектер мен қатты пайдалы қазбалардың жаңа ашылуларының болашағы бар. Сондықтан мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша министрлік геология саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірлеуге кірісті. Нашар зерттелген шөгінді бассейндердің мұнай-газ әлеуетін анықтау және тау-кен аудандарындағы «терең горизонттарды» зерттеу көзделіп отыр.

Министр атап өткендей, жобаны іске асыру аумақтың зерттелуін арттыруға, пайдалы қазбалардың болжамды ресурстарын бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жоба геологиялық барлау жұмыстары кезінде халықты жұмыспен қамту пайызын арттыруға, инвестиция тартуға және тау-кен байыту комбинаттарын салу мен пайдалану кезінде жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, биыл «минералды ресурстардың ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесі пайдалануға беріледі. Жүйе инвесторлар үшін терезе ретінде қызмет етеді, мемлекеттік органдар мен жер қойнауын пайдаланушылардың өзара қарым-қатынасын цифрлық форматқа көшіруге мүмкіндік береді. Министр атап өткендей, 2020 жылы барлауға/өндіруге лицензия беру, геологиялық ақпаратты сатып алу және т.б. сияқты бірқатар бизнес-процестер әзірленді, мемлекеттік деректер базасымен интеграциялау орындалды.