2020 жылғы көрсеткіш бойынша Қазақстандағы ластаушы заттар шығарындылары мен төгінділерінің көлемі – 2,5 млн. тонна

2020 жылғы көрсеткіш бойынша Қазақстандағы ластаушы заттар шығарындылары мен төгінділерінің көлемі – 2,5 млн. тонна

Сондай-ақ, республика бойынша қалдықтардың төгінділері 1,1 млн.тоннаны құрады, 125 млн. тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жинақталған, деп хабарлады экология министрі Мағзұм Мырзағалиев ел тұрғындарымен өткен есептік кездесуде.

Өткір экологиялық мәселелерді шешу үшін министрлік әр өңір тұрғындарымен және экобелсенділермен жағдайды талқылағаннан кейін түрлі шаралар қамтылған 17 Жол картасын бекітті, оның ішінде одан әрі газдандыру, қоғамдық көлікті газ отынына көшіру, қалаларды көгалдандыру және т. б. мәселелер бар. Бұл қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін қазіргі18% - дан 30% - ға дейін жеткізуге, қатты қалдықтардың 24 жаңа полигонын салуға, тарихи ластанған жерлерді қалпына келтіруге және жоюға, 7 жаңа құрлыс салуға және 12 канализациялық тазарту кешенін қайта жаңартуға және т. б. мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Экология министрлігінің қатысуымен бірқатар компаниялардың ластаушы заттар шығарындыларын азайту туралы келісімдерге қол жеткізілді. Мәселен, Алматы қаласы бойынша 2 және 3-ЖЭО жаңғырту туралы шешім қабылданды. Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2025 жылға дейін атмосфераға шығарындыларды 30% - ға төмендетуге, сондай-ақ Теміртау қаласының айналасына 500 мың ағаш отырғызуға міндеттенеді. «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауыты күкірт диоксидінің шығарындыларын 3 есе азайтуға мүмкіндік беретін жаңа күкірт қышқылы цехын салуды және пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Атырау облысында мұнай өңдеу зауыты «Тухлая балка» булану алаңдарын өалпына келтіруге кірісті. Ақтөбе облысында ферроқорытпа зауытында цехтарды жаңғырту және қайта құру жобасы іске асырылуда. Шығыс Қазақстан облысында «Қазмырыш» ЖШС меморандумына сәйкес атмосфераға шығарындылар 20% - ға төмендейді деп күтілуде. Маңғыстау облысында «Қошқар атаның» тарихи ластануын жою басталды. Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы бірнеше жыл бойы тарихи мұнай қалдықтарын жойып келеді.

Бұдан басқа, министр жаңа Экокодексте I санаттағы объектілер үшін деректерді уәкілетті органға бере отырып, өндірістік эко-мониторингті міндетті автоматтандыру көзделгенін хабарлады.

Сондай-ақ, «Waste to Energy» қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату тетігін енгізу туралы Заң қабылданды. 6 ірі қалада қоқыс жағатын зауыттар салынады.

Мағзұм Мырзағалиев рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын орындар санының жыл сайын 8 мыңға дейін өсуіне де назар аударды. Экология министрлігі жаңа Экокодексте қоқыс шығаратын көлікке GPS-датчиктерді міндетті түрде орнатуды қарастырады, қалдықтарды қайта өңдеумен және кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпорындар үшін лицензиялау енгізілді.