Қазақстанда кейінгі жылдара 80,5 млн ағаш отырғызылды

Қазақстанда кейінгі жылдара 80,5 млн ағаш отырғызылды

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Экология министрлігі Арал теңізінің құрғаған жерлеріне Сексеуіл отырғызудың кешенді бағдарламасын әзірлеуде. ҚР Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев бүгін өткен халықпен есептік кездесуінде 2021-2030 жылдары 1,1 млн. га жерге сексеуіл отырғызу жоспарланғанын айтты.

Оның айтуынша, Алматыдағы «Сулпак» дүкенінің жанында 11 ағашты заңсыз кесу оқиғасынан кейін министрлік қолданыстағы заңнамаға айыппұлдарды ұлғайту және бұзушыларға санкцияларды қатаңдату бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынған. Осылайша, Қызыл кітапқа енгізілген әрбір заңсыз кесілген ағаш үшін зиянды өтеу мөлшері 6 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ, әкімшілік және қылмыстық кодекстерге орман қорында және қалалар мен елді мекендер шегінде ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені, жойғаны және зақымдағаны үшін құқық бұзушыларға айыппұлдарды ұлғайту және санкцияларды қатаңдату бойынша өзгерістер енгізілді.

Сонымен қатар, Экология министрлігі Мәжілісте қаралып жатқан «Өсімдік әлемі туралы» заң жобасын әзірлеген.

Мағзұм Мырзағалиев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Министрлік экологиялық туризмді дамыту бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын айтты. Атап айтқанда, жұртшылықтың пікірін ескере отырып, мастер-жоспарлар әзірленуде, ұлттық парктер жанынан Қоғамдық кеңестер құрылды. Бүгінгі таңда Алматы облысының 4 ұлттық паркі бойынша инвесторлар айқындалып, экотуризм үшін заманауи инфрақұрылым салу көзделген.

Жануарлар дүниесін қорғауға келетін болсақ, мұнда да бірқатар маңызды шаралар қабылданылуда, деп атап өтті министр. Сондай-ақ, ІІМ және ҰҚК-мен бірлесіп «Киік» табиғатты қорғау акциясы іске қосылды, оның аясында киіктер мен басқа да жабайы жануарларды браконьерлікпен айналысатын бірқатар қылмыстық топтардың қызметі тоқтатылды. Сонымен қатар, министрлік Қазақстанның барлық аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға тыйым салуды 2023 жылға дейін ұзартты. Пилотсыз ұшу аппараттарын, бейнетіркегіштерді және бейнежетондарды қолдана отырып, Smart-патрульдеу пилоттық жобасы іске қосылды. Жануарларды қорғау туралы заң жобасы әзірленді.

Үкімет деңгейінде министрлік балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын да бекітті. Каспий итбалығы Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар түрлерінің тізіміне енгізілген.

«Қазір адамдар жаппай табиғатқа бет бұруда. Біздің бірегей табиғи байлықтарымызға ұқыпты қарауды, қоқыс тастамауды, тыйым салынған жерлерде от жақпауды сұраймын. Біз оны құрметтеп, болашақ ұрпақ үшін табиғи сұлулықты сақтауымыз керек», - деді министр.