Түзілетін қалдықтардың көлемін қысқарту мақсатында «Waste to Energy» қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату тетігін енгізу жөніндегі Заң қабылданды

Түзілетін қалдықтардың көлемін қысқарту мақсатында «Waste to Energy» қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату тетігін енгізу жөніндегі Заң қабылданды

Түзілетін қалдықтардың көлемін қысқарту мақсатында «Waste to Energy» қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату тетігін енгізу жөніндегі Заң қабылданды. Қазіргі уақытта қоқыс жағатын зауыттар салу үшін 6 қала анықталды.

«Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қарағанды ​​және Өскемен қалаларындағы әкімдіктер зауыт салуға жер учаскелерін бөлді, электр энергиясын таратушы ұйымнан электр желісіне қосылудың ең жақын нүктелерін анықтады. Энергия өндіруші ұйымдардың тізімін қалыптастыру бойынша аукцион өткізуге құжаттарды қабылдау басталды. Екінші жартыжылдықта қорытынды шығарамыз», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Рұқсат етілмеген қоқыс полигондарының көбеюі мәселесі де назар аударуды қажет етеді. Ғарыштық мониторинг шеңберінде жыл сайын шамамен 8,0 мың қоқыс полигоны анықталады.

«Әкімдіктер оларды тарату бойынша жұмыс жүргізуде. Сонымен бірге, заңсыз қоқыс тастайтын жерлер туралы мәселені жүйелі түрде шешу үшін жаңа Экологиялық кодексте қоқыс шығаратын көлік құралдарына GPS датчиктерін міндетті түрде орнату мәселесі қарастырылған, қалдықтарды қайта өңдеумен және кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпорындарға лицензиялау енгізіліп, қоқыс шығаратын ұйымдар үшін хабарлама жасау тәртібі белгіленді».