ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі аппарат басшысы Шавкат Өтемісовтің басшылығымен ведомствадағы жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары бойынша кеңес өтті. Жиынға министрліктің Комитет төрағалары, департаменттер директорлары, барлық ведомствоға бағынысты аймақтық ұйымдар басшылары мен «Адалдың алаңы» жобалық кеңсесінің министрліктегі әкімшісі Асқар Рахматуллин қатысты.
Айта кетейік, 2021 жылы 27 мамырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі «Семей орманы» РМК Бас директоры Әшім Бельбеевті, оның орынбасарлары Бастамиев пен Байжолданы және мекеменің Бородулихинск филиалының директоры Байбулатовты Қылмыстық кодекстің 366 (алдын ала келісім бойынша топтасып пара алу) бабы бойынша ұсталған болатын.
«Министр ведомствадағы кез келген жемқорлық әрекеттеріне төзімсіздік позициясын ұстанады. Министрлік құрылған сәттен бастап сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік приниципі жарияланды, оны жою міндеті мен «Еститін мемлекет» саясаты жолға қойылды. Министрлік бұл бағытта тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Төрт комитетте жемқорлық тәуекелдері бойынша ішкі және сыртқы анализ жүргізілді, жемқорлық тәуекелдері картасы дайындалды, мемлекеттік қызмет автоматтандырылып және цифрландырылып жатыр. Алайда ведомстоға бағынысты ұйымдар басшылары кадрларды іріктеу кезінде жемқорлық мәселесін дұрыстап ескертіп, түсіндіру, тәрбие беру жұмыстарын күшейтулері қажет. Мұндай фактілерге мүлдем жол беруге болмайды», - деді жиналыс барысында Шавкат Өтемісов.
«Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Асқар Рахматуллин аймақтардағы жемқорлыққа қарсы күрес жұмысын белсенді жүргізу керектігін алға тартты.
«Экология министрлігінде «Адалды алаңы» кеңсесі барлық министрліктер бойынша көшбасшы болып табылады. Біз бұл деңгейден төмен түспеуіміз қажет. Әрі қарай сыбайлас жемқорлық бойынша жұмысты күшейтіп, әр қызметкердің санасына адалдық, әділдік принциптерін дұрыстап жеткізуіміз керек. Мемлекеттік қызметкерлер беделін сақтауымыз қажет», - деді ол.
Жиын соңында аппарат басшысы Шавкат Өтемісов Комитет төрағаларына, департаменттер директорларына, аумақтық департаменттер жетекшілері мен ведомствоға бағынысты ұйымдар басшыларына кадрларды іріктеу, мемлекеттік қызметтерді көрсету, мемлекеттік сатып алу жұмыстарындағы бақылауды күшейтуге, қызметкерлер арасында профилактикалық және түсіндіру жұмысын жүргізуге тапсырма берді. «Адалдық алаңы» жобасында толық ашықтық қамтамасыз етіліп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Жоспардың және ішкі, сыртқы анализ ұсыныстарының орындалуы қажеттігін айтты.