Республика бойынша «Бірге - таза Қазақстан» акциясы өтті

Республика бойынша «Бірге - таза Қазақстан» акциясы өтті

Бүгін «Қоршаған ортаны қорғау күні» мен Экологтар күні аясында республика бойынша «Бірге - таза Қазақстан» акциясы өтті. Оған 120 мыңға жуық ерікті, экологтар мен түрлі сала мамандары қатысты. Сенбілікте ҚР Экологи, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бұл күннің маңыздылығына тоқталып, сала мамандарын, экоеріктілерді кәсіби мерекемен құттықтады.

«Бұл акция мемлекет ұсынған ауқымды бастамалардың бірі болып саналады, өйткені ол тек мемлекеттік орган қызметшілері тарапынан ғана емес, халық тарапынан да қолдау тапты. Сенбілікке негізінен тазартуды қажет ететін аумақтар таңдап алынды. Қоршаған ортаға арнап жатқан қызметімізден кейін, аумақ таза, ұқыпты болады деген сенімдеміз»,- деді Мағзұм Мырзағалиев.

Экология министрінің орынбасары Ахметжан Пірімқұлов жыл сайын сенбілікке шығатын халықтың саны артып келе жатқанын айтты. Жастардың да үлесі жоғары. Сондай-ақ ол экологтарды мерекемен құттықтап, бұл мамандықтың мемлекет үшін үлкен маңызға ие екендігін жеткізді.

«Бұл акция халықтың осындай проблемаларға көңіл аударуы үшін керек деп санаймыз. Акция бүкіл республика бойынша өтіп жатыр. Барша қатысушыларға алғыс білдіремін. Сондай-ақ бүкіл қазақстандықтарды, экологтарды кәсіби мерекесімен құттықтаймын»,- деді вице-министр.

Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күнінің биылғы тақырыбы - «Қайта ойлану. Қайта құру. Қалпына келтіру». Осы күні экологиялық проблемаларға әлем назарын аудару үшін түрлі шаралар ұйымдастырылады. «Бірге таза Қазақстан» тазалық акциясы Қазақстанда халықты айналаға ұқыпты қарауға шақыратын дәстүрге айналып келеді.

Ал 5 маусым Қазақстанда Экологтар күні болып 2011 жылы белгіленді.