Мағзұм Мырзағалиев қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында эколог-студенттермен кездесті

Мағзұм Мырзағалиев қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында эколог-студенттермен кездесті

5 маусым қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі еліміздің студенттерімен, магистранттарымен кездесті. «Жастар және Қазақстанның тұрақты дамуы» атты дөңгелек үстелде жас экологтармен табиғат байлықтарын ұқыпты пайдалану, жаңа экологиялық сана қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Жас ғалымдар өздерінің қалдықтарды өңдеу, суды үнемдеу, орман алқаптарын ұлғайту, пластик өнімдерінен бас тарту, тағы да басқа бағыттардағы экологиялық жобаларымен, жасаған зертханалық тәжірибелерімен бөлісті.

«Жыл сайын Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күнінің тақырыбы мен ұраны анықталады. Биылғы тақырып - «Қайта ойлану. Қайта құру. Қалпына келтіру. Үш негізгі планетарлық дағдарыспен: жаһандық климаттың өзгеруі, биоәртүрліліктің жоғалуы және қоршаған ортаның ластануымен күресуті белсенді түрде жүргізу қажет. Бүгін біз жоғарыда айтылған проблемалардың шешімі ретінде жастар тарапынан көптеген қызықты идеяларды  естідік. Әрине, мақсатқа жету үшін жас эколог ретінде үлкен күш салуымыз керек. Ең бастысы - жастардың қоршаған орта проблемаларына бейжай қарамайтыны, уақытын маңызды зерттеулерге арнап жатқаны қуантады», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Жас эколог, Әлихан Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Екатерина Вибе орман қорғау мәселесіне қатысты жобасымен бөлісті.

«Біз қазіргі уақытта Қызылорда облысындағы Арал теңізінің табанына сексеуіл отырғызу бойынша зерттеу жүргізіп жатырмыз. Бұл ағаш түрі сол өңірдің климатына, құмды топыраққа бейім. Ал тартылған теңіз орнында ағаштардың болуы экология үшін аса маңызды. Сонымен қатар Астананың жасыл белдеуіне ағаш отырғызу жұмыстарымен де айналыстық. Бүгінгі күні жас ғалымдарға жол ашық, үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Әлемдегі үздік ғылыми зерттеу институттарымен жұмыс істеуге, халықаралық жобаларға атсалысу мүмкіндігіне иеміз», - деді эколог.

Жиын соңында министр Мағзұм Мырзағалиев жас экологтарды кәсіби мерекемен құттықтап, жобаларына сәттілік тіледі. Сонымен қатар 5 маусым күні республика бойынша өтетін «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық акциясына шақырды.

«Біз жыл сайын 5 маусым күні дәстүрлі түрде осы акцияны өткіземіз. Эколог жастарды және барша Қазақстандықтарды осы шараға атсалысуға шақырамын. Әрине, пандемияға байланысты белгілі бір шектеулер болады. Бірақ қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, үлке топ болып жиналмасақта, әркім өз ауласын тазартса да болады.