Жаңа Экологиялық кодекс – ел экологиясын жақсартатын реформаторлық құжат

Жаңа Экологиялық кодекс – ел экологиясын жақсартатын реформаторлық құжат

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындауға арналған іс-шаралар туралы брифингте ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев елімізде жаңа Экологиялық кодекс аясында ахуал қалай өзгеретіні туралы баяндады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Экологиялық кодексті реформаторлық құжат деп анық айтуға болады. Ол Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының принциптеріне сай келеді. Бұл құжатты қабылдар алдында екі жыл бойы экологтармен, сарапшылармен, қоғам өкілдерімен және бизнес-қауымдастықпен тығыз жұмыс істедік. Бізге 2000-ға жуық өзгерістер келіп түсті. Кодекс 40-50%-ға өзгерді»,- деді Мағзұм Мырзағалиев.

Атап өтейік, Экологиялық кодексті қабылдау тапсырмасы Президент Жолдауы аясында берілген болатын.

Қабылданған құжатқа сәйкес, экологияға зиян келтірген жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны бастапқы күйіне келтіруге міндетті. Атмосфералық ауа, су мен топырақтың ластануы проблемасын шешу үшін өндіріске Ең үздік қолжетімді технологиялар енгізіледі.

«Бірінші кезеңде мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, химия және электр энергетикасы салаларына қатысты 50 ірі кәсіпорынды Ең озық қолжетімді технологияларға ауыстыру жоспарланған. Осы 50 кәсіпорынға жалпы ластанудың 80%-ы тиесілі. Еуропа елдері осы механизмді енгізу арқылы 15 жыл ішінде шығарындыларды 94%-ға төмендетті. ЕОҚТ-ны енгізген кәсіпорын эмиссия төлемдерінен босатылады. Егер енгізбесе, эмиссия төлемдері еселеніп өсіп отырады. Осылайша, мемлекет табиғат пайдаланушылармен шығынды бөліседі»,- деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.

Экологиялық кодексте қоғам өкілдерінің қоршаған ортаға әсерді бағалаудың барлық кезеңдеріне қатысуына ерекше мән берілген. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың түсетін экологиялық төлемдердің есебінен 100% пайыз көлемінде қаржыны табиғат қорғау іс-шараларына бөлуге міндетті екендігі көрсетілген. Ал қалдықтар мәселесін шешу үшін Waste to energy технологиясы арқылы қоқыстардың энергетикалық утилизациясы жүзеге асырылады. Заңсыз қалдық алаңдарын жою мақсатында қоқыс шығаратын көліктерге GPS-датчиктерді міндетті түрде орнату мәселесі көзделген.

Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмасын орындаудағы тағы бір бағыт – «Экономиканы декорбанизациялау мен жасыл өсім».

Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінше, министрлік Қазақстаның төменкөміртекті дамуының 2050 жылға дейінгі Тұжырымдамасын дайындауға кірісті. Тұжырымдама парникті газдар шығарындыларының төмен көрсеткішін сақтау арқылы экономика диверсификациясының траекториясына шығуды қамтамасыз етуі тиіс. «Тұжырымдаманы 2021 жылдың маусым айында бекітуді жоспарлап отырмыз», - деп айтты министр.