ҚР ЭТРМ: Ескі автокөліктерді кәдеге жарату бағдарламасы аясында қабылдау әзірге басталған жоқ

ҚР ЭТРМ: Ескі автокөліктерді кәдеге жарату бағдарламасы аясында қабылдау әзірге басталған жоқ

Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында қазақстандықтардың ескі автокөліктерін кәдеге жаратуға тапсырып, жаңа көлік құралдарын сатып алуға жеңілдік сертификаттарын ала алатыны туралы ақпараттың таралуына байланысты Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Жасыл даму» АҚ түсініктеме беруді қажет деп санайды.

Қазіргі уақытта кәдеге жарату бағдарламасы аясында пайдаланудан шыққан көлік құралдарын жеңілдік сертификаттарын бере отырып қабылдау жүзеге асырылмайды.

Мұндай ақпараттың жариялануына Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 6 қазандағы № 252 бұйрығының бекітілуі себеп болды. Аталған бұйрықпен көлік құралдары мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға тапсырғанын растайтын құжаттарды беру қағидалары, сондай-ақ жеңілдік сертификаттарын ұсыну және пайдалану тәртібі айқындалған.

Атап өтеміз, аталған бұйрықтың қабылдануы бағдарламаның нақты іске қосылғанын және автокөліктерді кәдеге жаратуға қабылдау басталғанын білдірмейді. Құжат бағдарламаны іске асырудың құқықтық тетіктерін, атап айтқанда, жеңілдік сертификаттарын беру тәртібі мен шарттарын, оларды беру (қайта тіркеу) және отандық өндірістегі көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде пайдалану тәртібін белгілейді.

Бұйрық 2026 жылғы 25 қазаннан бастап күшіне енеді. Алайда көрсетілген күн көлік құралдарын қабылдау мен жеңілдік сертификаттарын берудің басталатын күнін білдірмейді.

Пайдаланудан шыққан көлік құралдары мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға тапсыру тәртібі Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2023 жылғы 27 қарашадағы № 332 бұйрығымен бекітілген Қағидалармен реттеледі.

Аталған Қағидалар аясында қазіргі уақытта «Жасыл даму» АҚ пайдаланудан шыққан көлік құралдарын қабылдауды және кейіннен кәдеге жаратуды қамтамасыз ететін қайта өңдеуші кәсіпорындарды іріктеу жұмыстарын жүргізуде.

Қажетті рәсімдер аяқталып, тиісті шарттар жасалғаннан кейін бағдарламаның іске қосылу мерзімдері, қатысу шарттары және қабылдау пункттерінің мекенжайлары туралы ақпарат Министрлік пен «Жасыл даму» АҚ-ның ресми ақпараттық ресурстарында қосымша жарияланатын болады.

Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдарын нормативтік қағидалардың бекітілуі мен бағдарламаның нақты іске қосылуы арасындағы айырмашылықты ескеруге, ал азаматтарды уәкілетті ұйымдардың ресми хабарламаларына сүйенуге шақырамыз.