Өңірлердегі кездесу. Түркістан облысы

Өңірлердегі кездесу. Түркістан облысы

Бүгін Түркістан қаласында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М. Ошурбаевтың Түркістан облысының тұрғындарымен және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесуі өтті.

Кездесу барысында өңірдің өзекті экологиялық мәселелері, тұрғындардың ұсыныстары және қоршаған ортаның жай-күйін жақсарту шаралары талқыланды. Вице-министр азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, облыс тұрғындарын жеке қабылдады.

Қоршаған ортаны қорғау, экологиялық реттеу және мемлекеттік экологиялық бақылау бағыттарында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Зертханалық-талдамалық бақылау аясында 86 тексеру жүргізіліп, 179 сынама алынды және 1 044 анықтау жұмысы орындалды.

Экологиялық реттеу саласында 623 өтініш қаралып, оның 239-ы бойынша тиісті қорытындылар берілді. Қоршаған ортаға әсерді бағалау аясында 19 жоба қаралды. Оның ішінде 4 жоба Экологиялық кодекс талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты қабылданбады.

Атмосфераға нақты шығарындылар көлемі 43 мың тоннаны, төгінділер — 86,1 мың тоннаны, қалдықтар — 29,75 мың тоннаны құрады. Бұл ретте нақты көрсеткіштер рұқсат етілген көлемдерден аспайды.

Экологиялық бақылау

2026 жылы Департамент тарапынан 55 бақылау іс-шарасы жүргізіліп, экологиялық заңнама талаптарының 116 бұзушылығы анықталды. Анықталған барлық бұзушылықтар бойынша 116 нұсқама беріліп, әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылды.

Экологиялық бақылаудың маңызды бағыттарының бірі — ғарыштық мониторинг. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ жүргізген мониторинг нәтижесінде өңір аумағында 249 рұқсат етілмеген қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны анықталды. Бүгінде анықталған нысандардың 96%-ы жойылды.

Өңірдің экологиялық мәселелерін кешенді шешу мақсатында 2024–2026 жылдарға арналған Жол картасы іске асырылуда. Құжатқа барлығы 27 іс-шара енгізілген. Бүгінде оның 23-і орындалды, тағы 4 іс-шара белгіленген мерзімде іске асырылуда.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 2026 жылы Түркістан облысында 4 515 экологиялық іс-шара өткізілді. Оларға 476,2 мың тұрғын қатысты. Нәтижесінде 16 391 тонна қоқыс жиналып, шығарылды.

Алдағы уақытта өңірде мемлекеттік экологиялық бақылауды күшейту, қалдықтарға ғарыштық мониторинг жүргізу, кәсіпорындардың экологиялық талаптарды сақтауын бақылау және қоршаған ортаның сапасын одан әрі жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.