
Атырау облысының Құлсары қаласында «Жылыой тазалык» ЖШС-не 9 бірлік арнайы техника берілді. Автопаркті жаңарту кәсіпорынды кеңейту және жаңғырту жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жоба «Жасыл даму» АҚ және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен іске асырылды.
Жобаның жалпы құны 363,5 млн теңгені құрайды. Оның 327,2 млн теңгесі қарыздық қаржыландыру түрінде тартылса, 36,4 млн теңгесі кәсіпорынның меншікті қаражаты есебінен қаржыландырылды.
Жаңа техника Құлсары қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау жұмыстарына пайдаланылады. Арнайы техниканы сатып алу кәсіпорынның қалаға қызмет көрсету мүмкіндігін кеңейтіп, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуге мүмкіндік береді.
Автопаркті жаңартумен қатар жоба қалдықтарды сұрыптау және қайталама шикізатты қайта өңдеу бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді. Жаңғырту нәтижесінде қосымша 18 жұмыс орнын ашып, кәсіпорын қызметкерлерінің санын 127-ден 145 адамға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Мұндай жобаларды қолдау өңірлердегі қалдықтарды басқару инфрақұрылымын жаңартуға, сондай-ақ елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ететін кәсіпорындардың техникалық базасын нығайтуға ықпал етеді.