Жамбыл облысында су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр

Жамбыл облысында су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр

Жамбыл облысында су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарымен, су шаруашылығы саласындағы проблемалармен танысу үшін өңірге «Қазсушар» РМК директорының орынбасары Сержан Жұмабеков барды.

Су шаруашылығы нысандарының құрылысы «Еуропа қайта құру және даму» банкінің қаржыландыруымен жүріп жатыр. Бұл мақсатқа 21,5 млрд теңге қарастырылған, бағдарламаны іске асыру 2017-2023 жылдар аралығына көзделген.

Жұмыс сапары барысында Сержан Жұмабеков әр нысанға жеке-жеке барып көріп, тиісті тапсырмалар берді.

Бұдан бөлек, Қазсушар басшысының орынбасары кәсіпорынның өңірлік филиалының директоры Қазыбек Бедебаевтың, бөлімдер мен мердігер мекемелер өкілдерінің қатысуымен жиналыс өткізді. Кездесуде мердігер компаниялар құрылыс барысы туралы есеп беріп, нысандар бойынша проблемалық сұрақтарға тоқталды. Сержан Жұмабеков жұмысты тиісті мерзімінде орындап, жоспарды бақылауда ұстауды тапсырды.

«Байзақ, Жуалы, Жамбыл, Қордай және Меркі аудандары аумағында орналасқан 264 су арналары және 46 ұңғыма қалпына келтіріледі. Бүгінгі таңда барлық су нысандарында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Қайта жаңғырту жұмыстарына 21,5 млрд теңге қаржы қарастырылған. Құрылыс аяқталып, нысандар қайта жаңғыртылғаннан кейін облыс аумағында 53,965 мың гектар суармалы жерлер қайта пайдалануға беріледі. Бұл өз кезегінде облысымыздың ауыл шаруашлығы саласының қарқынды дамып, экономикасының өркендеуіне үлкен үлесін қоспақ», - деп атап өтті Сержан Жұмабеков жиналыс барысында.