
Астанада Париж келісімі аясында Қазақстанда көміртегі жобаларын дамытуға арналған екі күндік іс-шара өтуде. Оған мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, бизнестің өкілдері, жобаларды әзірлеушілер мен сарапшылар қатысады.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар Министрлігі және Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) ұйымдастырды.
Қазақстан заманауи климаттық жобаларды дамытуға және халықаралық инвестицияларды тартуға жағдай жасайды. Бұл парниктік газдар шығарындыларын азайтуға немесе көміртекті сіңіруді арттыруға мүмкіндік беретін жобалар, соның ішінде орман өсіру және басқа да табиғи шешімдер.
Іс-шара аясында қатысушыларға Қазақстанда көміртегі жобаларын іске асырудың жаңа ережелері ұсынылды, сондай-ақ Париж келісімінің 6-бабынасәйкес мұндай жобалардың халықаралық көміртегі нарығына қалай қатыса алатыны туралы айтылды.
Жобаларға қойылатын талаптарға, оларды мемлекеттік авторизациялауға, нәтижелерді есепке алуға, мониторингке және тәуелсіз тексеруге ерекше назар аударылды. Бұл көміртегі жобаларының мөлдір, сенімді және халықаралық талаптарға сай болуы үшін қажет.
Париж келісімінің нарықтық тетіктеріне қатысу ел үшін климаттық жобаларға инвестициялар тарту және ұлттық климаттық мақсаттарға қол жеткізу бойынша жаңа мүмкіндіктер ашады, - деп атап өтті Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаев.
Іс-шара барысында сондай-ақ климаттық жобаларды іске асырудың халықаралық тәжірибесі және жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) және BIOFIN бастамасының қолдауымен Қазақстанда БҰҰДБ іске асыратын жобалардың мысалдары ұсынылды.
Бағдарламаның практикалық бөлігі топтарда жұмыс істеуді және мемлекеттің, инвесторлардың және климаттық жобаларды әзірлеушілердің өзара іс-қимылының нақты мысалдарын талдауды қамтыды.
Негізгі оқиғалардың бірі көміртегі жобаларын жүзеге асыру үшін әлеуетті орман учаскелерінің тұсаукесері болды. Қатысушылар сондай-ақ көміртекті сіңіруді арттыру, қалалық ортаның сапасын жақсарту және экожүйелердің тұрақтылығын арттыру үшін орман өсіру тәжірибесін көрсететін Астананың жасыл белдеуіне барды.
2026 жылғы 8 шілдеде Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне түзетулер қабылдау және қажетті заңға тәуелді актілерді әзірлеу маңызды кезең болды. Жаңа ережелер көміртегі жобаларын жүзеге асыру және шығарындыларды азайту нәтижелерін (ITMO) халықаралық беру үшін нақты жағдайлар жасайды.
Осылайша, Қазақстан көміртегі нарығын дамыту, климаттық қаржыландыруды тарту және халықаралық стандарттарға сәйкес жаңа экологиялық жобаларды іске асыру үшін негіз қалыптастырады.