Экология министрлігі ірі габаритті және аса ірі габаритті шиналармен жұмыс істеуді оңтайландыру шараларын пысықтауда

Экология министрлігі ірі габаритті және аса ірі габаритті шиналармен жұмыс істеуді оңтайландыру шараларын пысықтауда

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Жасыл даму» АҚ және ірі габаритті және аса ірі габаритті шиналарды (ІГШ және АІГШ) қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың өкілдерімен бірлесіп, оларды жинау, тасымалдау және қайта өңдеуге беру процестерін жетілдіру мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді.

Жұмыс кеңесі барысында жинақталған ІГШ және АІГШ-мен жұмыс істеу тиімділігін арттыруға бағытталған кәсіпорындардың ұсыныстары қаралды.

Ұсыныстардың бірі қалдықтар түзілетін орындардың алаңдарында шиналарды алдын ала кесуді ұйымдастыруды көздейді. Бұл тәсіл тасымалдауға жататын шиналардың көлемін азайтуға, көлік шығындарын қысқартуға және жинақталған қалдықтарды қайта өңдеуге беруді жеделдетуге мүмкіндік береді.

Жұмыс кеңесінің қорытындысы бойынша ұсыныстарды пысықтау жұмысы мүдделі мемлекеттік органдардың, «Жасыл даму» АҚ-ның және сала кәсіпорындарының қатысуымен жалғасатын болады.