Сиверс алмасы – жабайы алмалардың арғы тегі

Сиверс алмасы – жабайы алмалардың арғы тегі

Сиверс алмасы (Malus sieversii) – Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек әрі құнды өсімдік түрі. Ол қазіргі мәдени алма сорттарының арғы тектерінің бірі ретінде ерекше ғылыми және генетикалық маңызға ие.

Қазақстанда Сиверс алмасының табиғи популяциялары негізінен Тянь-Шань мен Жетісу Алатауының таулы аймақтарында сақталған.

Сиверс алмасы кездесетін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар:
• Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;
• Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;
• Көлсай көлдері мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;
• Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі;
• Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы;
• Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы.

Сиверс алмасының жабайы тоғайлары – жай ғана табиғи мұра емес, болашақ селекция үшін аса құнды генетикалық қор. Оларды сақтау биоалуантүрлілікті қорғаудың маңызды бағыттарының бірі болып саналады.

Табиғаттың бізге қалдырған осы бірегей мұрасын сақтау – ортақ міндет.