
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватына заманауи арнайы техника сатып алуға 3,1 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады.
Резерваттың материалдық-техникалық базасын жаңарту өрт қауіпті маусымға дайындықты күшейтуге, өрт ошақтарына жедел ден қою уақытын қысқартуға және орман қорын қорғау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба аясында мемлекеттік орман табиғи резерватына өрт ошақтарына жедел ден қою және өртке қарсы іс-шараларды тиімді жүргізуге қажетті 39 өрт сөндіру автоцистернасы, 10 трактор және 26 жол талғамайтын көлік сатып алынды.
Бүгінде барлық техника пайдалануға беріліп, күнделікті жұмыста қолданылуда. Соның арқасында мамандар орман өрттеріне жедел ден қойып, қажетті техника мен жабдықтарды өрт ошақтарына дер кезінде жеткізіп, орман аумақтарын қорғау жұмыстарын тиімді атқаруда.
Еске салайық, 2024 жылдан бүгінгі күнге дейін «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен мемлекеттік ұлттық табиғи парктерге, мемлекеттік орман табиғи резерваттарына, қорықтарға және орман шаруашылығы мекемелеріне заманауи арнайы техника сатып алуға 33,1 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады.
Осы кезеңде табиғат қорғау ұйымдары үшін орман және дала өрттерінің алдын алуға және оларды жедел сөндіруге арналған 1 006 бірлік арнайы техника сатып алынды. Олардың қатарында өрт сөндіру автоцистерналары, жол талғамайтын көліктер, тракторлар және орман қоры мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғауға қажетті басқа да арнайы техника бар.
Мұндай жобаларды жүзеге асыру табиғат қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, олардың өрт қауіпті маусымға дайындығын арттыруға және Қазақстанның бірегей орман экожүйелерін сақтауға ықпал етеді.