
Бір көлдің батыс жағында тұщы су, ал шығыс жағында тұзды су болуы мүмкін бе?
Иә. Бұл – Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы бірегей Балқаш көлі. Табиғаттың осындай ерекше құбылысын қорғап, оның байлығын сақтап отырған мекеме – «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты.
2018 жылы құрылған резерват Іле өзенінің сағасын, тоғайлы ормандарды, сулы-батпақты алқаптар мен шөлейтті табиғи кешендерді қорғайды.
Бұл өңір – жүздеген жануарлар мен құстардың мекені. Мұнда Қызыл кітапқа енген сирек түрлер мекендейді, ал өсімдіктер әлемі өзінің алуан түрлілігімен ерекшеленеді.
Іле-Балқаш өңірінің тағы бір тарихи ерекшелігі – бұл жер бір кездері Тұран жолбарысының табиғи мекені болған. Бүгінде дәл осы аумақта жолбарысты тарихи мекеніне қайта жерсіндіру бағытындағы ауқымды халықаралық жоба жүзеге асырылуда.
Табиғатты қорғау – тек бүгінгі күннің міндеті емес. Бұл – келер ұрпаққа қалдырар ең үлкен аманат.