
2026 жылғы 14 шілдеде Орынбор қаласында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру жөніндегі Қоршаған орта мәселелері бойынша Қазақстан-Ресей аралас комиссиясының бесінші отырысы өтті.
Комиссияны Қазақстан тарапын Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М.Т. Ошурбаев, Ресей тарапын Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрінің орынбасары Д.Д. Тетенькин басқарды.
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы трансшекаралық Жайық (Орал) және Ертіс (Иртыш) өзендерінің экожүйелерін қорғау және биологиялық әртүрлілікті сақтау бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруда.
Тараптар Жайық (Орал) трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының 2021-2024 жылдарға арналған бағдарламасының орындалуы туралы ақпаратты тыңдады және қабылдады.
Отырыс барысында тараптар Жайық (Орал) және Ертіс (Иртыш) трансшекаралық өзендері бассейндерінің экожүйелерін сақтау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін дамыту, биологиялық әртүрлілікті сақтау, сондай-ақ орман және дала өрттерінің алдын алу мәселелерін талқылады.
Қазақстандық және Ресейлік сарапшылар атқарылған жұмыстар бойынша есептерін ұсынып, алдағы кезеңге арналған бірлескен ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындады.
Тараптар Жайық (Орал) және Ертіс (Иртыш) өзендері бойынша бағдарламаларды келесі бесжылдық кезеңге өзектендіруге уағдаласты.
Комиссиялар аясында Қазақстан және Ресей тараптарының Жайық (Орал) және Ертіс (Иртыш) өзендері бойынша жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін талқылауға арналған семинар да өткізілді.