
Каспий теңізінің солтүстік жағалауында халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарды, Жайық өзенінің атырауын, сан тарамды өзектерді және өзен мен теңіз суларының өзара ықпалдасу аймағында қалыптасқан алуан түрлі экожүйелерді қамтитын бірегей табиғи кешен орналасқан. Аталған өңір биологиялық алуантүрлілігінің жоғарылығымен ерекшеленеді және Солтүстік Каспийдің экологиялық тұрақтылығын сақтауда маңызды рөл атқарады.
Солтүстік Каспий өңірінің орталық бөлігінде өңірдің бірегей табиғи кешендері мен биологиялық алуантүрлілігін сақтау, сондай-ақ экожүйелердің тұрақты қызмет етуін қамтамасыз ету мақсатында құрылған ерекше қорғалатын табиғи аумақ – «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты орналасқан.
«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 6 ақпандағы №119 қаулысына сәйкес құрылды. Резерват қызметінің негізгі бағыттары табиғи экожүйелерді сақтау, қалпына келтіру және ұтымды басқару, сондай-ақ сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлар түрлерін қорғау болып табылады.
Резерваттың жалпы аумағы 111,5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 36 077 гектары қорықтық режим аймағына, ал 75 423 гектары буферлік аймаққа жатады. Резерват аумағы халықаралық табиғат қорғау мәртебесіне ие: ол Рамсар конвенциясының халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар тізіміне енгізілген және ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» (МАБ) бағдарламасы аясындағы Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісінің құрамына кіреді.
Резерваттың негізгі табиғат қорғау маңызының бірі – құстар дүниесін сақтау және олардың маусымдық көші-қоны үшін қолайлы жағдай жасау болып табылады. Резерват аумағында құстардың 292 түрі тіркелген, олардың 36-сы Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген. Ерекше құнды түрлер қатарына бұйра бірқазан (Pelecanus crispus), аққұйрық субүркіт (Haliaeetus albicilla), сыбырлақ аққу (Cygnus cygnus), ақбас үйрек (Oxyura leucocephala) және басқа да сирек кездесетін құстар жатады. Жайық өзенінің атырауы көптеген су құстары мен су маңындағы құстардың қоныс аудару жолындағы маңызды аялдау орны, сондай-ақ олардың ұя салу, түлеу және қыстау аумағы болып табылады.
Резерваттың териофаунасы сүтқоректілердің 48 түрінен тұрады. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген Бобринский жарқанаты (Hypsugo bobrinskoi), шұбар күзен (Vormela peregusna) және Каспий теңізіндегі жалғыз теңіз сүтқоректісі – каспий итбалығы (Pusa caspica) ерекше табиғат қорғау маңыздылығына ие.
Резерват флорасы жоғары сатыдағы түтікті өсімдіктердің 227 түрін қамтиды. Олардың қатарында Қызыл кітапқа енгізілген су жаңғағы (Trapa natans), Шренк қызғалдағы (Tulipa schrenkii) және табиғат қорғау мен ғылыми тұрғыдан ерекше құнды басқа да сирек өсімдіктер кездеседі.
Резерваттың ихтиофаунасы балықтардың 25 түрінен тұрады. Олардың ішінде Каспий албырты (Salmo caspius), Каспий миногасы (Caspiomyzon wagneri) және ақбалық (Stenodus leucichthys) сияқты сирек және қорғауға алынған түрлер бар.
Жайық өзенінің атырауында орналасқан Шалыға аралы ерекше экологиялық құндылыққа ие табиғи нысандардың бірі болып табылады. Бұл аумақ сирек кездесетін құстардың көбеюі, ұя салуы және мекендеуі үшін маңызды орын болып саналса, оған іргелес су айдындары балықтардың уылдырық шашу және қоректену аймағы қызметін атқарып, Солтүстік Каспий экожүйелерінің биологиялық алуантүрлілігі мен экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты – Қазақстан Республикасының ұлттық және халықаралық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының бірі. Оның қызметі табиғи экожүйелерді сақтауға, экологиялық тепе-теңдікті қолдауға, сирек және жойылып кету қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктер түрлерін қорғауға, сондай-ақ Солтүстік Каспийдің бірегей табиғи мұрасын келешек ұрпақ үшін сақтауға бағытталған.