Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесті

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесті

Бүгін 30 маусымда Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев жұмыс сапарымен Ұлытау облысына келді.

Жұмыс сапары аясында вице-министр өңір тұрғындарымен, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам өкілдерімен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады. Кездесу барысында облыстағы экологиялық ахуал, Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы атмосфералық ауаның сапасы, «Қазақмыс» тобына кіретін кәсіпорындардың қызметі, Ұлытау облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешуге арналған Жол картасының іске асырылуы, қалдықтарды басқару, шығарындыларды автоматтандырылған мониторингтеу жүйесін енгізу, ең озық қолжетімді технологияларды пайдалану, сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының жүзеге асырылуы мәселелері талқыланды. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Кездесуде өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерін азайту бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы да ақпарат берілді. Атап айтқанда, «Kazakhmys Smelting» ЖШС-нің Жезқазған мыс балқыту зауытын жаңғырту жұмыстары, оның ішінде атмосфераға таралатын зиянды заттар шығарындыларын едәуір қысқартуға мүмкіндік беретін жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысы жөнінде айтылды. Сонымен қатар қатысушыларға коммуналдық қалдықтарды басқару жүйесін дамыту, экологиялық мониторинг жүргізу және мемлекеттік экологиялық бақылауды күшейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.

Жұмыс сапары барысында Мансұр Ошурбаев «Kazakhmys Smelting» ЖШС-нің Жезқазған мыс балқыту зауытына барып, жаңа күкірт қышқылы цехының құрылыс барысымен, табиғатты қорғау іс-шараларының орындалуымен және кәсіпорынның қоршаған ортаға әсерін азайтуға бағытталған жұмыстармен танысты.

Сондай-ақ вице-министр өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізіп, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша мемлекеттік экологиялық бақылауды күшейту, табиғатты қорғау іс-шараларын уақтылы іске асыру, өндірістік нысандарды жаңғырту және Ұлытау облысындағы экологиялық ахуалды одан әрі жақсарту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.