ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Н. Шарбиев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды

ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Н. Шарбиев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды

2026 жылғы 30 маусымда Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Н. Шарбиев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды.

Жұмыс сапары аясында вице-министр азаматтарды жеке қабылдап, өңір тұрғындарымен, қоғам өкілдерімен, үкіметтік емес ұйымдармен және мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында өңірдің экологиялық ахуалына қатысты өзекті мәселелер, атап айтқанда атмосфералық ауаның жай-күйі, тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды басқару, мемлекеттік экологиялық бақылау, орман қорын сақтау, көгалдандыру жұмыстарын дамыту және табиғатты қорғау іс-шараларын іске асыру мәселелері талқыланды. Тұрғындардың өтініштері бойынша тиісті түсіндірмелер беріліп, жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктелді.

Кездесу аяқталғаннан кейін вице-министр өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өткізіп, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі жүзеге асырып жатқан қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстар туралы айтып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Жұмыс сапары барысында Н. Шарбиев Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің базасында болып, мекеменің материалдық-техникалық жарақтандырылуымен, орман өрттерінің алдын алу және оларды сөндіруге, сондай-ақ табиғатты қорғау іс-шараларын жүргізуге арналған арнайы техникасы мен құралдарымен танысты.

Сапар барысында Мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Вице-министр Батыс Қазақстан облысының орман шаруашылығы мекемелерінің директорларының қатысуымен кеңес өткізіп, онда орманды қалпына келтіру жұмыстары жоспарының орындалу барысы, отырғызу материалымен қамтамасыз ету, орман питомниктерін дамыту және орманды молықтыру іс-шараларының тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.

Сондай-ақ Н. Шарбиев Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің базалық орман питомнигінің жұмысымен танысып, көшет өсірудің заманауи технологиялары мен питомникті одан әрі дамыту перспективалары туралы ақпарат алды.

Жұмыс сапарының соңында вице-министр С. Исаев атындағы халықаралық тәжірибелік коллекциялық бақ-питомнигіне барып, оның қызметімен, ғылыми-практикалық жұмыстарымен, жеміс дақылдарының коллекциясымен және өсімдіктердің генетикалық қорын сақтау мен молықтырудың заманауи тәсілдерімен танысты.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Н.К. Шарбиев орман шаруашылығын одан әрі дамытуға, орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, орманды молықтыру және көгалдандыру жөніндегі іс-шараларды тиімді жүзеге асыруға, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысындағы табиғатты қорғау қызметін жетілдіруге бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берді.