
Атырау қаласында «Фибратекс» ЖШС ПЭТ-бөтелкелерді қайта өңдеп, полиэфирлі штапель талшығын өндіруге бағытталған ауқымды инвестициялық жобаны іске асыруда.
- Қайта өңдеу қуаты - тәулігіне 20 тоннаға дейін пластик қалдықтары;
- Дайын өнім өндірісі - жылына 7 000 тоннаға дейін;
- 67 тұрақты жұмыс орны құрылады;
- Өңірдің экспорттық әлеуеті артады.
Технологиялық үдеріс үш кезеңнен тұрады: пайдаланылған пластик бөтелкелерді сұрыптау және тазалау, флекс өндіру және оны әрі қарай полиэфирлі талшыққа өңдеу. Алынған өнім кәсіпорынның геосинтетикалық материалдар өндіруіне пайдаланылып қана қоймай, шетел нарықтарына да экспортталатын болады.
Бұл жоба қалдықтарды құнды шикізат көзіне айналдыратын айналмалы экономика қағидаттарын енгізудің жарқын үлгісі болып табылады. Сонымен қатар, заманауи технологиялар экологиялық және экономикалық міндеттерді қатар шешуге мүмкіндік береді.
Жоба өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері тетігі аясында жинақталған қаражат есебінен «Жасыл даму» АҚ қолдауымен жүзеге асырылуда.