
2026 жылғы 17 маусым күні сағат 10:43-те «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Бурабай орманшылығы аумағындағы 96-орамның 47-телімінде найзағайдың талға түсуінің салдарынан өрт ошағы тіркелді.
«Smart» орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің тиімді жұмысының арқасында өрт дер кезінде анықталып, оны жою жұмыстары жедел басталып, жалынның ауқымды аумаққа таралуына жол берілмеді.
Өрт орманмен көмкерілген аумақтың 0,001 гектарын қамтыды.
Өртті сөндіруге «Бурабай» МҰТП және «ҚазАвиаОрманҚорғау» РМКК күштері мен құралдары жұмылдырылды. Жалпы саны 20 маман және 5 техника бірлігі, оның ішінде өрт сөндіру автокөліктері, шағын орман-патрульдік кешен, сондай-ақ жағдайды әуеден бақылау және іс-қимылды үйлестіру үшін тікұшақ тартылды.
Өрт ошағы сағат 10:43-те анықталып, сағат 11:15-те сөндіру жұмыстары басталды. Ал сағат 11:39-да өрттің таралуы толық оқшауланды.
Өрт ошағы көл деңгейінен шамамен 300 метр биіктікте, жартасты бедері бар, тік әрі жетуі қиын аумақта орналасқан, бұл мамандардың жұмысын айтарлықтай күрделендірді. Соған қарамастан, қызметкерлердің үйлесімді әрекеті мен жедел ден қоюының нәтижесінде өрттің таралуына жол берілмеді.
Қазіргі уақытта мамандар өрт салдарын толық жою бойынша қажетті жұмыстарды жүргізуде. Ұлттық парк аумағына келтірілген залал көлемі барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін 15 күн ішінде анықталатын болады.
«Бурабай» МҰТП келушілерді, әсіресе өрт қаупі жоғары кезеңде, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Кез келген ұқыпсыздық ұлттық парктің бірегей экожүйесіне орны толмас зиян келтіруі мүмкін. Табиғатқа ұқыпты қарау – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.