
Жаһандық экологиялық қор (ГЭФ) Ассамблеясы аясында өткен іс-шаралар шеңберінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) ұйымдастырған «Климаттық және табиғатты қорғау іс-шараларын аралас қаржыландырудың негізі ретінде ұлттық платформаларды және жеке қаржы секторының дайындығын нығайту» тақырыбындағы параллельді сессияға қатысты.
Пікірталас барысында қатысушылар климаттың өзгеруіне қарсы күреске, биоалуантүрлілікті сақтауға және табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануға бағытталған жобаларға инвестицияларды кеңейту жолдарын талқылады. Ұлттық үйлестіру тетіктерін нығайтуға, инвестициялық ортаны жетілдіруге және жеке қаржы секторының климаттық және табиғатты қорғау бастамаларын іске асыруға қатысуға дайындығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сессия барысында сөз сөйлеген Министр тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу және халықаралық экологиялық міндеттемелерді орындау қомақты қаржы ресурстарын жұмылдыруды әрі жеке капиталдың белсенді қатысуын талап ететінін атап өтті.
Қазақстанның жасыл қаржыландыру құралдарын дәйекті түрде дамытып келе жатқаны, экологиялық жобаларды қолдау тетіктерін енгізіп жатқаны және халықаралық қаржы институттары мен даму жөніндегі серіктестермен ынтымақтастықты нығайтып отырғаны атап өтілді. Осы жұмыстың маңызды бағыттарының бірі климаттың өзгеруіне бейімделу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, экожүйелерді қалпына келтіру және табиғи ресурстарды ұтымды басқару жобаларына инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады.