
4 маусым күні Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Астана қаласында «ReStart» экологиялық жобасының 10-маусымының финалы өтті. Жобаға Қазақстанның 10 өңірінен 23 жоғары оқу орны қатысып, мыңдаған студент экологиялық бастамаларды жүзеге асыруға атсалысты.
Маусым барысында қатысушылар қоршаған ортаны қорғауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіп, экологиялық ағартушылық жұмыстарды ұйымдастырды және қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін насихаттады. Нәтижесінде 60 тоннадан астам пластик жиналып, қайта өңдеуге жіберілді.
Финалдық іс-шара барысында студенттер маусым бойы атқарған жұмыстарының нәтижелерін таныстырып, экология және тұрақты даму саласындағы өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар сарапшылар қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму бағытындағы үздік тәжірибелерді талқылады.
«ReStart» жобасы CCI Kazakhstan қолдауымен «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі тарапынан жүзеге асырылуда. Финалдық кезең Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен өткізілді.
Салтанатты марапаттау рәсімінде жобаның мерейтойлық маусымының жеңімпаздары анықталды. Бас жүлде – құны 5 миллион теңге болатын жабдық Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы университетке табысталды. Сондай-ақ жобаның ең белсенді кураторлары ұйымдастырушылар тарапынан 200 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі ақшалай сыйақымен марапатталды.
«ReStart» жобасы жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, қалдықтарды бөлек жинау дағдыларын дамытуға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау қағидаттарын насихаттауға бағытталған еліміздегі маңызды экологиялық бастамалардың бірі болып табылады.