ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді

ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді

Бүгін ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді.

Сапар аясында вице-министр Тараз қаласында тұрғындармен, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен және қоғам белсенділерімен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады. Кездесу барысында өңірдегі экологиялық ахуал, атмосфералық ауаның сапасы, қалдықтарды басқару, өндірістік кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсері және экологиялық бақылау мәселелері талқыланды. Азаматтардың сұрақтарына жауап беріліп, ұсыныстары назарға алынды.

Кездесуде облыстағы экологиялық мониторинг жұмыстары, өндірістік шығарындыларды бақылау, қалдықтарды қайта өңдеу және ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өңірде тазалық және көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Акция барысында көшелер мен қоғамдық орындар тазартылып, ағаш көшеттері отырғызылып, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Сапар барысында вице-министр өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен брифинг өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Сонымен қатар Жомарт Әлиев «Қазфосфат» ЖШС-нің «Минералды тыңайтқыштар» филиалында болып, кәсіпорынның өндірістік жұмысымен және экологиялық қауіпсіздік шараларымен танысты. Атап айтқанда, экстракциялық фосфор қышқылы өндірісі, аммофос цехы және фосфогипс сақтау орны араланды.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту, өндіріс орындарының экологиялық жауапкершілігін арттыру және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.