
Орталық Азия Өңірлік экологиялық саммиті аясында Орталық Азиядағы климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі Өңірлік стратегияны (бұдан әрі – Стратегия) іске асыру бойынша Өңірлік жұмыс тобының (бұдан әрі – ӨЖТ) алтыншы отырысы өтті. Стратегияны іске асыру жұмыстары GIZ ұйымының «Жасыл Орталық Азия» бастамасы аясында жүзеге асырылуда. Отырысқа Орталық Азияның бес елінің бейінді мемлекеттік органдарының өкілдері, сондай-ақ халықаралық серіктестер қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар Стратегияны іске асырудың ағымдағы барысын, оның ішінде ӨЖТ Уақытша хатшылығы қызметінің нәтижелерін, сондай-ақ Стратегияны іске асыру жоспарының жобасын талқылады.
Орталық Азия елдерінің барлық өкілдері Іске асыру жоспарының жобасы бойынша өз ұстанымдары мен пікірлерін білдіріп, ұлттық басымдықтарды ескеру маңыздылығын, сондай-ақ құжатты практикалық және өлшенетін нәтижелерге бағдарлау қажеттігін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Орталық Азия елдерінің климаттың өзгеруіне төзімділігін арттыру мақсатында өңірлік диалогты нығайтуға және күш-жігерді үйлестіруге бейілділігін растады.