Қазақстан мен Сербия экология және орнықты даму саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Қазақстан мен Сербия экология және орнықты даму саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Бүгін 24 сәуір күні Астанада Өңірлік экологиялық саммит аясында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Е. Нысанбаев пен Сербия Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрі Сара Павковтың кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар экология, климаттың өзгеруі және орнықты табиғатты пайдалану салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Е. Нысанбаев Қазақстанның Сербиямен экологиялық бағыттағы серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Ол екі елдің климаттың өзгеруі, экожүйелердің тозуы және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану сияқты жаһандық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын жеткізді.

Тараптар климаттық саясат саласында ұлттық стратегияларды әзірлеу және іске асыру тәжірибесімен алмасудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ декарбонизация үдерістері мен климаттың өзгеруіне бейімделу шаралары бойынша бірлескен жұмысты дамыту перспективалары қарастырылды.

Бұдан бөлек, биоалуантүрлілікті сақтау және экожүйелерді қорғау саласында ынтымақтастықты кеңейту ұсынылды. Бұл бағытта ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару, экологиялық мониторинг, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экотуризмді дамыту мәселелері талқыланды.

Қазақстан тарапы «жасыл экономика» қағидаттарын ілгерілетуге дайын екенін және халықаралық экологиялық күн тәртібі бойынша өзара іс-қимылды күшейтуді қолдайтынын білдірді.

Кездесу қорытындысында тараптар экологиялық тұрақтылықты арттыруға бағытталған ынтымақтастықтың зор әлеуеті бар екенін атап өтті.