Жастар – өңірдің тұрақты болашағының кілті

Жастар – өңірдің тұрақты болашағының кілті

Өңірлік экологиялық саммит аясында «Балалар, жастар және климат» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара жастардың климаттық күн тәртібіндегі рөліне және тұрақты болашақ қалыптастыруға арналды.

Қатысушыларға құттықтау сөзін экология вице-министрі М.Ошурбаев арнады. Ол балалар мен жастарды климаттық бастамаларға кеңінен тартудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан бұл бағытқа ерекше мән беретінін жеткізді.

«Ертеңгі күн туралы айтқанда біз сіздерге – тұрақты әлем құру ісіне белсенді қатысатын жас, бастамашыл көшбасшыларға жүгінеміз», – деді вице-министр.

Сондай-ақ ол талқылаудан нақты іске көшудің маңызын ерекше атап өтті. Дөңгелек үстелдің негізгі нәтижелерінің бірі ретінде «Жасыл мектептер» өңірлік платформасының іске қосылуы жарияланды. Бұл бастама климаттық күн тәртібін білім беру жүйесіне енгізуге, мектеп инфрақұрылымын тұрақты даму қағидаттарына сай жаңғыртуға және жастар мен балалардың климаттық әрекеттерге жүйелі қатысуына бағытталған.

Платформа мемлекеттерді, халықаралық серіктестерді және қаржы институттарын біріктіре отырып, экологиялық білім беру мен климаттық бастамаларды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында ЮНИСЕФ-тің стратегиялық серіктестігі ерекше атап өтіліп, климаттық күн тәртібін ілгерілетудегі қолдауы үшін алғыс білдірілді.

Кездесу қорытындысында қатысушылар бастаманы қолдау және оны іске асырудың келесі қадамдарын келісу мәселелерін талқылады.