
Астанада су ресурстары, энергетика және климаттың өзгеруі мәселелері бойынша кездесу өтті. Шараға Еуропалық одақ өкілдері мен Орталық Азия елдерінің тиісті ведомстволарының министрлері қатысты.
Өңір климаттың өзгеруіне ең осал аймақтардың қатарына жатады. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, ғасырдың соңына қарай мұнда температураның көтерілуі Цельсий бойынша 4-тен 6 градусқа дейін жетуі мүмкін. Бұл мұздықтарға, су ресурстарына, ауыл шаруашылығына және миллиондаған адамның әл-ауқатына тікелей қауіп төндіреді.
Қазақстан өзінің климаттық саясатын дәйекті түрде нығайтып келеді және парниктік газ шығарындыларын азайтуды ұлттық басымдықтардың бірі ретінде қарастырады. Мемлекет 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу стратегиясын бекітті. 2030 жылға қарай шығарындыларды 15 пайызға қысқарту көзделген. Халықаралық қолдау мен климаттық қаржыландыру болған жағдайда, Қазақстан бұдан да өршіл көрсеткішке – 25 пайызға қол жеткізуді көздеп отыр.
«2025 жылғы желтоқсанда Қазақстанның 2026 – 2035 жылдарға арналған жаңартылған ұлттық деңгейде айқындалатын үлесі бекітілді. Ол парниктік газ шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 17 пайызға қысқартуды қарастырады. Біз үшін деректердің ашық, салыстырмалы болуы және халықаралық стандарттарға сәйкес келуі маңызды. Энергия ресурстарын экспорттаушы ретінде Қазақстан үшін аталған мәселелердің стратегиялық маңызы бар. Бұл Еуропалық Одақтың жаңа климаттық талаптары, соның ішінде энергетика секторындағы метан шығарындыларын реттеу жағдайында ерекше өзекті», – деді Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нурлан Курмалаев.
Қазақстан қазірдің өзінде метан шығарындыларын ұлттық реттеуді қалыптастыру бойынша, соның ішінде MRV жүйелерін және ағып кетуді анықтау мен жою тетіктерін енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.
Шығарындыларды азайтумен қатар, Қазақстан үшін климаттың өзгеруіне бейімделу де басымдық болып қала береді.
Орталық Азия климаттың өзгеруінің ауыр салдарларымен – су тапшылығымен, шөлейттенумен және экстремалды ауа райы құбылыстарының жиілеуімен бетпе-бет келіп отыр. Қазақстанда аумақтың шамамен 76,1 пайызы шөлейттенуге сезімталдығы орташа немесе жоғары аймақтарға жатады.
Бұл жерді пайдалану, орман өсіру және экожүйелерді қалпына келтіру саласында ұзақ мерзімді және жүйелі саясатты талап етеді.
Қазақстан орман қорының алаңын ұлғайтуға, орман ресурстарын ұтымды пайдалануға және табиғи аумақтарды қорғауға ерекше көңіл бөледі. Тәуелсіздік алған сәттен бастап еліміздің орман қорының алаңы 6,9 млн гектарға ұлғайып, бүгінде 31,4 млн гектарды құрайды. Орманмен көмкерілген жерлердің алаңы 14 млн гектарға жетті, ал ормандылық көрсеткіші 3,8-ден 5,1 пайызға дейін өсті.
Халықаралық міндеттемелерге сәйкес, Қазақстан орманмен көмкерілген алқаптарды бұдан әрі де кеңейтуге және 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 14,5 млн гектарға жеткізуге ниетті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанда мемлекеттік орман қорында екі миллиард ағаш отырғызудың ауқымды бағдарламасы іске асырылуда. 2021 жылдан бастап қазірдің өзінде 1,6 миллиардтан астам ағаш отырғызылды және егілді.
Арал өңіріндегі жағдайға ерекше назар аударылуда. Арал теңізінің тартылуы аймақтың ең ауыр экологиялық проблемаларының бірі болып қала береді және адамдардың денсаулығына, жердің күйіне және экожүйелердің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Қазақстан аумағында Арал теңізінің 2,8 млн гектар кепкен түбі орналасқан.
«Ең тиімді шешімдердің бірі – кепкен учаскелерді жергілікті өсімдіктермен, ең алдымен сексеуілмен орманға айналдыру, бұл топырақты бекітуге және тұз бен шаңның көшуін азайтуға мүмкіндік береді. 2021 жылдан бастап Қазақстанда 1,1 млн гектар алқапта сексеуіл отырғызу жұмыстары орындалды. Біз сондай-ақ Арал өңірінің экологиялық проблемаларын бірлесіп шешу бойынша Өзбекстан Республикасымен ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз», – деді экология вице-министрі.
Тағы бір маңызды қадам Қазақстанның бастамасымен Өңірлік экологиялық саммит аясында қабылданған «Орталық Азияның жасыл қалқаны» резолюциясы болды. Бұл бастама топырақ эрозиясын азайтуға, көшпелі құмдарды бекітуге және өңірдегі микроклиматты жақсартуға қабілетті қорғаныш орман алқаптары мен жасыл тосқауылдар жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Орталық Азия өкілдері Еуропалық одаққа климаттың өзгеруі мәселелері бойынша ынтымақтастық үшін алғыс білдірді.
«Түрікменстан қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа үлкен мән береді. Біз негізгі халықаралық келісімдердің белсенді қатысушысымыз және табиғи ресурстарды тұрақты басқару мәселелері бойынша сындарлы диалогты дамытуды, соның ішінде Арал теңізі бассейні шеңберіндегі өзара іс-қимылды дәйекті түрде жақтаймыз. Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты ерекше атап өткім келеді. Ол бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Біз қазір алып жатқан нәтиженің тек Орталық Азия елдеріне ғана емес, Еуропалық Одақ елдеріне де пайдасы тиіп жатқанын сезінеміз. Себебі олар да белгілі бір тәжірибе жинақтап, біздің Орталық Азия өңірінің менталитетін тереңірек түсіне бастады», – деді өз сөзінде Түрікменстан СІМ экологиялық және су дипломатиясы мәселелері жөніндегі кеңесшісі Махтумкули Акмурадов.