Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің қоршаған ортаны қорғау және экологияға жауапты министрлерінің екінші кездесуі

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің қоршаған ортаны қорғау және экологияға жауапты министрлерінің екінші кездесуі

Астанада Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің қоршаған ортаны қорғау және экология мәселелеріне жауапты министрлерінің екінші кездесуі өтті. Іс-шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан елдерінің өкілдері, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмүралиев және ұйымның бақылаушылары қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар климаттың өзгеруі, су ресурстарының азаюы, жердің тозуы, Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі және Арал теңізінің тартылуы салдарынан туындаған ортақ экологиялық сын-қатерлерді талқылады. Осы жағдайда практикалық ынтымақтастықты нығайту және іс-қимылды үйлестірудің маңызы ерекше екені атап өтілді.

«Біз халықтарымыздың әл-ауқаты және табиғи мұраны келер ұрпаққа сақтау үшін күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет. Бұл тұрғыда "Түркі әлемінің жасыл көзқарасы" бастамасының маңызы зор. Ол тұрақты даму, жасыл трансформация және климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі ортақ ұмтылысымызды айқындайды», – деді Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Қазақстан бірлескен жұмысты бірнеше басым бағытқа шоғырландыруды ұсынды.

Бірінші бағыт – биоалуантүрлілікті сақтау. Біздің елдер аумағында сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар мен өсімдіктер мекендейді, оларды қорғау үйлестірілген іс-қимылды талап етеді.

Кеше Орталық Азия елдерінің биоалуантүрлілікті қорғау және оны орнықты басқару саласындағы өңірлік ынтымақтастық туралы декларациясы – «Тұрақты даму жолындағы табиғатпен үйлесім» қабылданды. Қазақстан бұл бастамаға Әзербайжан мен Түркияның қосылуын ұсынды. Биыл наурыз айында Қазақстан 2026–2035 жылдарға арналған биоалуантүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану тұжырымдамасын бекітті және өз тәжірибесімен бөлісуге дайын.

Барлық елдерде аумақтарды көгалдандыру және экожүйелерді қалпына келтіру бағытында маңызды бастамалар жүзеге асырылуда. Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2027 жылға дейін 2 миллиард ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілуде. 2021 жылдан бері елде 1 миллиард 648 миллионнан астам ағаш отырғызылып және себілді. Қазақстан 22 сәуірді «Жер шарын көгалдандырудың халықаралық күні» ретінде жариялауды ұсынды.

Қазақстан климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі халықаралық күш-жігерді дәйекті түрде қолдайды. Париж келісімі аясында еліміз 2030 жылға қарай 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда парниктік газдар шығарындыларын 15%-ға қысқартуға міндеттеме алды. Жаңартылған ұлттық үлесте 2035 жылға қарай шығарындыларды 17%-ға дейін қысқарту мақсаты көзделген.

«Қазіргі уақытта Климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі ұлттық жоспар және 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын іске асырудың Жол картасы әзірлену үстінде. Бұл құжаттар барлық салаларды біріктіріп, төмен көміртекті дамуға көшуге бағытталған. Біз Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы тәжірибе алмасу БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясына (COP31) дайындыққа маңызды үлес қосады деп есептейміз. Бұл конференция 2026 жылы Түркияда өтеді», – деп атап өтті министр.

Төртінші бағыт – қалдықтарды тұрақты басқару. Қазақстан қоршаған ортаның ластануы, соның ішінде пластик қалдықтар мәселесіне ерекше мән береді.

«2025 жылдың соңында 2026–2030 жылдарға арналған барлық түрдегі қалдықтарды басқару тұжырымдамасы бекітілді. Ол қалдықтарды ресурс ретінде қарастыратын заманауи циркулярлық модельге көшуге бағытталған. Біз осы салада тәжірибе алмасуға және практикалық ынтымақтастықты дамытуға ашықпыз», – деді Ерлан Нысанбаев.

Кездесу қорытындысы бойынша Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің экология министрлерінің декларациясы қабылданды.