
Бүгінгі таңда 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммиттің (ӨЭС) 8 негізгі тақырыптық бағыты айқындалды. Сонымен қатар мемлекет басшыларының қатысуымен екі отырыс өткізуді, министрлер мен халықаралық ұйымдар басшыларының қатысуымен 21 жоғары деңгейдегі сессияны, сондай-ақ елдік сессияларды қамтитын халықаралық іс-шараның архитектурасы бекітілді.
Саммитті ұйымдастырушы – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен.
ӨЭС-тің негізгі тақырыптық бағыттары:
1. экологиялық және табиғи тәуекелдерге бейімделу және экономикалық орнықтылық;
2. атмосфералық ауаның ластануымен күрес және қалдықтарды басқар;
3. экологиялық амбицияларға қол жеткізу тетіктері;
4. климаттық өтуді қолдау;
5. өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі және экожүйесі;
6. әділ және инклюзивті өңірлік көшу;
7. табиғи ресурстарды орнықты басқару;
8. тұрақты болашақ үшін экологиялық және цифрлық құзыреттер.
ӨЭС аясында мемлекет басшылары деңгейінде екі іс-шара өткізу жоспарлануда: пленарлық отырыс және Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы.
Пленарлық отырысқа БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ли Цзюньхуа, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының (ЮНЕП) атқарушы директоры Ингер Андерсен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус, Сулы-батпақты алқаптар туралы Рамсар конвенциясының Бас хатшысы Мусонда Мумба қатысады деп күтілуде.
ӨЭС жұмысына сондай-ақ Орталық Азия елдерінің, Арменияның, Әзербайжанның, Беларусьтің, Грузияның, Иранның, Қытайдың, Моңғолияның, Пәкістанның, Словакияның экология саласындағы ведомство басшылары; БҰҰ ұйымдарының атқарушы директорлары мен өкілдері; халықаралық ұйымдардың бас хатшылары мен жетекшілері (ТМД, ИСЕСКО, ШЫҰ, АӨСШК, ТМҰ, ЭЫҰ, ОАЭОЭК, ХЭО және т.б.); халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері – Дүниежүзілік банк, Жасыл климат қоры, Азия даму банкі, Ислам даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) қатысуы жоспарлануда.
ӨЭС аясында Орталық Азияның климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы және жоғары деңгейдегі сессиялар өтеді, оның ішінде: ЕО+ОА елдерінің экология, су және энергетика министрлерінің кездесуі; ШЫҰ+ЮНЕП елдерінің экология министрлері; ТМҰ елдерінің экология министрлері; АӨСШК елдерінің экология министрлері; ЭЫҰ елдерінің экология министрлері; ОА елдерінің су ресурстары министрлері; ДДСҰ мен ОА елдерінің денсаулық сақтау министрлері; ЮНИСЕФ пен ОА елдерінің білім беру министрлері; Каспий мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі диалог.
Жалпы, ӨЭС аясында 40-тан астам түрлі іс-шара ұйымдастыру жоспарланған.
Сонымен қатар «Экспо» халықаралық көрме орталығында жасыл технологиялар бойынша халықаралық көрме өтеді. Елдік павильондарды ұсыну үшін Орталық Азияның 5 елі мен Әзербайжан шақырылды, сондай-ақ 20-дан астам елден шамамен 160 компанияның қатысуы күтілуде.