Экология министрлігі: Іле өзені атырауындағы геологиялық барлау өзеннің экожүйесіне кері әсерін тигізеді

Экология министрлігі: Іле өзені атырауындағы геологиялық барлау өзеннің экожүйесіне кері әсерін тигізеді

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары Комитетінің мамандары «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ-ның Алматы облысының Балқаш ауданындағы жобасына кері баға берді.

Компания геологиялық барлау үшін қарастырып жатқан аумақтар республикалық маңызы бар табиғи заказниктің шекарасында орналасқан.

«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңға сәйкес, кешенді мемлекеттік табиғи заказниктерде табиғи кешендерге, өсімдіктер мен жануарлардың интродукциясына қауіп төндіретін шаруашылық қызмет жүргізуге тыйым салынады.

Аталған заң нормаларында «жарылысқа, зиянды технология мен техниканы, жерді айдауға» тыйым салынатыны да жазылған.

Осыған байланысты Экология министрлігінің Су ресурстары комитетінің мамандары заказник аумағында геологиялық барлау жүргізу дұрыс емес деп санайды.

Министрлік сарапшыларының бағалауынша, Іле өзенінің атырауында (дельта) геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жерүсті және жерасты суларына, сонымен бірге Іленің экожүйесіне теріс әсерін тигізеді.

Іле өзені Балқаш көліне құяр тұста аумағы 8 мың шаршы шақырымды құрайтын атырау жасайды. Еліміздегі сақталып қалған жалғыз дельта көлмен гидравликалық байланыста және ол экожүйедегі экологиялық тепе-теңдікті ұстап тұруда табиғи реттеуші рөлін атқарады.

Балқаш шұңғымасындағы интенсивті шаруашылық қызмет көлге қауіп төндіріп, кері салдарға апарып соқтыруы мүмкін.

Оптималды гидрологиялық режимді ұстап тұру үшін дельта учаскесінде ондағы қалыптасқан жағдайды өзгертетін ирригациялық жұмыстарды тоқтату керек.