Құрметті Асқар Оразалыұлы!
Құрметті депутаттар, кеңеске қатысушылар!
1 - слайд (титул)
Ең алдымен, су қауіпсіздігі мәселелерін талқылауға мүмкіндік бергендеріңіз үшін алғысымды білдіремін.
Су ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі болып табылады. Сондықтан су қауіпсіздігі мәселелері өте маңызды.
2 - слайд
Қазақстанның су ресурстары жерасты сулары мен өзен ағындарының қорларынан тұрады. Өзен ағыны ресурстарының көрсеткіштері соңғы жылдары тоқсан мен жүз куб.километр (90-100 км3) аралығында. Оның елу бір куб.километрге жуығы (50,8 км3) - жергілікті ағын, қырық куб.километрге (39,2 км3) жуығы трансшекаралық өзендер арқылы Қытайдан, Орталық Азия елдері мен Ресей Федерациясынан келеді. Ресейге кететін су ағыны орта есеппен жылына он алты жарым куб.километрді (16,5 км3) құрайды. Негізі экологиялық қажеттілікке елу куб.километр (50 км3) талап етіледі.
Сонымен қатар, жер асты суларының расталған көлемі жылына он бес жарым (15,5 км3) куб.километрге тең болды. Үш жарым мыңнан (3500) аса су кен орындары тіркелген. Олар еліміздің әртүрлі аймақтарында шоғырланған. Атап айтсақ, батыста – жиырма (20%) пайызға, орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда – отыз (30%) пайыз болса, ал еліміздің оңтүстігінде бұл көрсеткіш елу (50%) пайызға тең.
Жалпы елімізде жиырма бес (25 км3) куб.километр су пайдалынады. Оның ішінде ауыл шаруашылығына - он бес (15 км3 = 65%) куб.километр, өнеркәсіпке - алты (6 км3 = 30%) куб.километр және коммуналдық шаруашылыққа бір (1 км3 = 5%) куб.километр жұмсалады. Ал тасымалдау кезіндегі шығындар үш (3 км3) куб.километрді құрайды.
3 - слайд
Құрметті депутаттар, өткен жылғы парламенттік тыңдауларда су саласының жай-күйі мен проблемалары талқыланды. Сіздер он тоғыз (19) ұсыныс бердіңіздер. Оның оны орындалды. Қалған тоғызы орындалуда, себебі олардың жүзеге асыру мерзімі ұзақ сипатқа ие.
Біз іске асырылатын ұсыныстарыңызды шартты түрде 4 топқа бөліп, жұмысқа алдық.
Біріншісі. Трансшекаралық ынтымақтастық.
Екіншісі. Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту.
Үшіншісі. Су заңнамасын жетілдіру.
Төртіншісі. Білім беру және ғылыми-зерттеу базасын жетілдіру.
Әрбір тақырып бойынша толығырақ айтып берейін.
4 - слайд
Трансшекаралық ынтымақтастық мәселесінен бастасам. Қазақстанның сегіз су шаруашылығы бассейнінің жетеуі трансшекаралық болып табылады. Соның салдарынан еліміз шектес елдердің, атап айтқанда Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясы жүзеге асырып жатқан су шаруашылығы саясатына тығыз байланысты. Мен әр елмен жүргізіліп жатқан жұмыс туралы қысқаша айта кетейін.
Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы су қатынастары Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісіммен реттеледі (12.09.2001 ж., Астана қ.).
Осы Келісімді іске асыру мақсатында трансшекаралық Өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі қазақстан-қытай бірлескен комиссиясы, сондай-ақ сарапшылардың жұмыс тобы құрылды. 2003-2020 жылдар аралығында бірлескен комиссияның 17 отырысы және сарапшылардың жұмыс тобының 16 отырысы өткізілді.
Бүгінгі күнгі негізгі проблема Трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бөлу жөніндегі келісімнің болмауында. Негізі келісім бойынша жұмыс 2015 жылдан басталған.
Қытай шекара маңындағы ешбір елмен су бөлу жөнінде келіссөздер жүргізбейтінін ерекше атап өткім келеді. Қазақстан Қытаймен келіссөздер жүргізіп жатқан алғашқы және жалғыз ел болып табылады.
Анықтама: 2013 жылы Қорғас трансшекаралық өзенінде бірлескен су торабы салынды және Бірлескен пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бүгінгі күні су торабын тараптар сәтті пайдалануда.
Сондай-ақ, 2019 жылдың соңында Сумбе өзеніндегі бірлескен гидротехникалық құрылысты қайта құру аяқталды. Жақын арада аталған құрылысты Брлесіп пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойылатын болады.
Өзбекстанға келетін болсақ, су шаруашылығы қатынастары Сырдария өзенінің бассейні бойынша жүзеге асырылады және Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан арасындағы бесжақты Келісім шеңберінде реттеледі.
«Мемлекетаралық көздердің су ресурстарын пайдалану мен қорғауды бірлесіп басқару саласындағы ынтымақтастық туралы» (18.02. 1992 ж.).
Келісім шеңберінде Ведомствоаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясы жұмыс істейді.
Сырдария өзенінің бассейні бойынша негізгі проблема бұрын Кеңес заманында белгіленген су көлемдерін бөлу тәртібін бұзу болып табылады. Егемендік алғаннан кейін елдер тәуелсіз су шаруашылығы саясатын жүргізеді және көптеген жағдайларда төменгі ағыс елдерінің мүдделері ескерусіз жүзеге асырылады.
Негізгі су қоймалары орналасқан жоғарғы Қырғызстан мен Тәжікстан елдері электр энергиясын өндіруден пайда алуға мүдделі, ал төменгі деңгейдегі Қазақстан мен Өзбекстан ауыл шаруашылығы өндірісінен пайда алуға мүдделі.
Өз кезегінде, Қазақстан төменгі ағысында орналасқан ел ретінде вегетация кезеңінде суармалы судың тапшылығын қатты сезінеді. Осыған байланысты, суармалы судың қажетті көлемін алу үшін біз тараптардың әрқайсысымен жеке келіссөздер жүргізуге мәжбүрміз.
Мәселен, биыл Тоқтоғұл су қоймасынан 330 млн.м3 көлемінде қосымша су ағызуды қамтамасыз ету үшін электр энергиясымен тауар алмасуды жүзеге асыру бойынша қырғыз тарапымен жеке хаттамаға қол қойылды. Сондай-ақ, Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан арасында Бакри Точик су қоймасының жұмыс тәртібі және Достық каналы арқылы су беру туралы үшжақты хаттамаға қол қойылды. Қабылданған шаралардың арқасында вегетациялық кезеңде Түркістан облысының Жетісай және Мақтарал аудандарының суармалы суға қажеттілігі толық көлемде қанағаттандырылды.
Айта кету керек, биыл Өзбекстан Республикасымен елеулі жұмыс жүргізілді. Осы жылдың жаз айында проблемалық мәселелердің барлық спектрін қамтитын және олардың шешу мерзімдерін айқындайтын су қатынастары саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі жол картасына қол қойылды. 1991 жылдан кейін салынған және қайта жаңартылған су шаруашылығы құрылыстарына бірлескен тексеру жүргізілді. Бұл бұрын су балансында ескерілмеген су қоймаларын анықтау үшін жасалды.
Сондай-ақ, Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару, пайдалану және қорғау туралы келісім жобасы талқыланды. Бүгінгі күні Келісім жобасының мәтіні сексен (80%) пайызға келісілді. Келіссөздер жалғасуда. Бұл болашақта Өзбекстан аумағында орналасқан негізгі су шаруашылығы учаскелерінде су ресурстарын бөлудің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қырғызстанмен трансшекаралық өзендер саласындағы ынтымақтастық Шу және Талас өзендері бойынша жүзеге асырылады. Су ресурстарын бөлу 1983 жылғы ережелермен реттеледі.
Пайыздық арақатынаста пропорция: Талас өзені - 50%- 50%, Шу өзені - 42% - Қазақстан және 58% - Қырғызстан.
Сондай-ақ 2000 жылдан бастап Шу және Талас өзендерінде мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану туралы үкіметаралық Келісім қолданылады.
Анықтама: Келісімге сәйкес Қырғызстан аумағында орналасқан бірқатар су шаруашылығы объектілері мемлекетаралық пайдалану объектілеріне жатқызылған. Сондай-ақ, Тараптар алынатын су көлеміне қарай мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалануға және оларға техникалық қызмет көрсетуге қаржы қаражатын бөледі.
Қазақстан осы Келісім бойынша өз міндеттемелерін толық көлемде орындайды (соңғы төрт жылда Қазақстан 75 млн.теңге бөлді).
Сонымен қатар, қырғыз тарапы Қазақстанға негізінен Шу өзенінің бассейнінде орналасқан мемлекетаралық арналар арқылы су беру кестесін мерзімді түрде сақтамайды. Онымен қоса, біздің өңір қазір суы аз табиғи кезеңге тап болды. Өз кезегінде, су беру кестесін сақтамаудың барлық себептері алдағы қараша айының соңында өтетін Комиссия отырысында талқыланады.
Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы су қатынастары 2010 жылғы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісіммен (1992 жылғы Келісімнің орнына) реттеледі.
Келісімді іске асыру мақсатында Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясы, сондай-ақ Жайық, Ертіс, Есіл, Тобыл, Қиғаш, Үлкен Өзен (Қараөзен) және Кіші Өзен (Сарыөзен) өзендері бойынша 6 жеке жұмыс тобы құрылды.
Комиссия мен жұмыс топтарының отырыстарында тараптардың су шаруашылығы қызметіне байланысты барлық мәселелер, сондай-ақ су объектілерінің жай-күйі мониторингінің нәтижелері қаралады.
Соңғы жылдары Жайық өзенінің экологиялық жағдайы ондағы судың азаюына байланысты ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Омбы қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің он алтыншы (XVI) өңіраралық ынтымақтастық форумы барысында Жайық өзені бассейнін сауықтырудың бірлескен бағдарламасын әзірлеу туралы келісімге қол жеткізілді. Сондай-ақ, Ертіс өзенінің бассейні бойынша ұқсас бағдарламаны әзірлеу жөнінде шешім қабылданды. Қазіргі уақытта аталған бағдарламалардың жобаларын келісу рәсімдері жүргізілуде.
Сонымен қатар, осы жылдың қазан айында Қазақстан мен Ресей арасындағы барлық трансшекаралық өзендерді гидрологиялық зерттеу бойынша бірыңғай жол картасы бекітілді, оның шеңберінде Жайық өзенінің гидрологиялық режимін зерттеу бойынша іс-шаралар көзделген.
Құрметті депутаттар, су дипломатиясы қажеттілігінің ескере отырып, сыртқы қауіп-қатерлерді бәсендету үшін осы бағыттағы жұмыс күшейтілді.
5 - слайд
Осы жылдың өткен вегетациялық кезеңінің қорытындылары туралы жеке баяндауға рұқсат етіңіздер.
Өзен бассейндері бойынша жүргізілген талдауға сәйкес Қазақстан суы аз табиғи кезеңге кірді. Және 2019 жылы жалпы ағын сексен үш (83 км3) куб.километрге тең болды. Айта кететін жайт, соңғы жылдары бұл көрсеткіш тоқсан мен жүз (90-100 км3) куб.километр деңгейінде болды. Негізгі бассейндердің кестесін экранда көруге болады.
6 - слайд
Осыған байланысты, суармалы жерлер бойынша жағдай қиын болды. Әсіресе елдің оңтүстік облыстарында қатты сезілді. Өйткені елдегі суармалы алқаптардың тоқсан (90%) пайызы осы жақтарда орналасқан. Ал республика бойынша қолданысқа алынатын судың тоқсан жеті (97%) пайызы оңтүстік өңірге тиесілі.
7- слайд
Вегетациялық кезеңнің қорытындысы бойынша Алматы облысында өткен жылдармен салыстырғанда қар жамылғысы отыз бес (35%) пайызға аз болды. Жамбыл облысында сулылық орташа көп жылдық деректерден он бес-жиырма (15-20%) пайызға төмен болды.
8 - слайд
Осындай проблемалармен біз Түркістан және Қызылорда облыстарында тап болдық.
Алайда, су шаруашылығының қолайсыз жағдайына қарамастан, Мемлекет басшысы бұл мәселелерді шекаралас елдердегі әріптестерімен кездесу кезінде көтергендіктен, су беру жоспары тоқсан-жүз (90-100%) пайызға орындалды. Сонымен қатар, коллекторлық-дренаждық суларды қайта пайдалану практикасы енгізілді, және де жеті жүз сексен жеті шақырым (787 км) каналдар механикалық тазалаудан өткізілді.
9-10 - слайдтар
Бұдан әрі, екінші бағыт бойынша су шаруашылығы инфрақұрылымын қалпына келтіру және суармалы алқаптарды ұлғайту бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндауға рұқсат етіңіздер.
Айта кету керек, суармалы жерлер негізгі су тұтынушы болып табылады. Бүгінгі таңда суармалы жерлердің ауданы бір миллион алты жүз мың гектарды (1,6) құрайды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша алдағы үш жылда біз суармалы жер көлемін екі (2) млн.гектарға дейін ұлғайтуымыз қажет.
2021-2023 жылдар кезеңінде Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында төрт жүз тоқсан екі (492) мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары жалғастырылады.
Анықтамалық:
Барлығы сексен сегіз (88) мың жұмыс орны құрылады. Құрылыс кезеңінде он бір (11) мың жұмыс орны пайда болады. Ең бастысы, қалпына келтірілген суармалы жерлерді айналымға енгізу арқылы ауыл шаруашылығында жетпіс жеті (77) мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік аламыз. Өз кезегінде, бұл сауда және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларында одан әрі мультипликативтік нәтиже береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес біз суармалы жер көлемін 2030 жылға дейін үш (3) млн.гектарға дейін жеткізуіміз керек.
2023-2030 жылдар аралығында бір (1) млн.гектар суармалы жер айналымға енгізіледі. Нәтижесінде жыл сайын бес жүз жетпіс (570) млрд.теңге көлемінде ауыл шаруашылығы өнімі қосымша пайда болады. Бес жүз (500) мың жұмыс орны құрылады.
11 - слайд
Енді ирригациялық инфрақұрылымның жай-күйіне тоқталайын. Бүгінгі күні республика бойынша бес мың сегіз жүз тоқсан төрт (5894) гидротехникалық нысан бар.
Олардың басым бөлігі кеңес заманында салынған және қазіргі уақытта олар физикалық жағынан да, моральдік жағынан да тозған. Атап айтсақ, каналдар алпыс-сексен (60-80%) пайызға, бөгеттер – қырық (40%), дренаж ұңғымалары – жетпіс бес (75%) пайызға дейін тозып біткен.
12 - слайд
Республикалық меншікте жалпы ұзындығы жиырма мыңға жуық (19 772) километр болатын үш мыңнан астам (3 298) суару каналдары бар.
Оның ішінде төрт мыңнан астам (4 341) километрі бетонмен қапталған болса, он бес мыңнан астам (15 431) километрі жер арнасы ретінде қазылған. Осының арасында он екі мыңға жуық (11 881) километр каналдардың жағдайы төмен деңгейде.
Дәл осы суару желісінің нашарлығы түпкі тұтынушыларға дейін суды тасымалдау кезінде жоғары шығындардың басты себебі болып табылады.
Биыл сегіз жүзден астам (813) километр суару каналдарын қайта құру жоспарланған болатын. Оның ішінде қазан айының соңындағы жағдай бойынша алты жүз алпыс (661) километрі, яғни сексен бір (81%) пайызы орындалды. Бұл көлемі елу төрт мыңға (53,5) жуық гектар суармалы жерлерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді.
Анықтамалық:
Бюджеттік бағдарламалар қаражаты есебінен 23,7 мың га, ЕҚДБ – 2,9 мың га, ИДЖЖЖ-2 – 20 мың га, Жұмыспен қамту жол картасы бойынша – 6,9 мың га.
Нәтижесінде жиырма алты (26) мың тұрақты жұмыс орны құрылады. Ауыл шаруашылығы өнімдері жылдық көлемде отыз (30) млрд.теңгеден астам сомаға ұлғайтылады. Және су шығыны қырық пайыздан (40%) он жеті (17%) пайызға дейін төмендейді.
2023 жылға дейін екі (2) мың километрден астам суару желілерін қайта жаңарту жоспарлануда.
Сонымен қатар қырық бір (41) авариялық су қоймасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
13 - слайд
Бұдан басқа, тоғыз (9) өңірде жалпы көлемі жылына үш бүтін алты (3,6) млрд.куб.метр болатын отыз тоғыз (39) жаңа су қоймасын салу жоспарланған. Оларды іске асыру үшін жүз он бес (115) млрд.теңге қажет.
Анықтамалық:
31 су қоймасы іске асырылу сатысында, оның ішінде: 1-і бойынша (Кеңсай-Қосқорған), 28-і бойынша ТЭН әзірлеу, 3-і бойынша ЖСҚ әзірлеу (Қараөзек, Күміскеткен, Бұзылық) жүргізілуде.
Су қоймаларын салу жетпіс (70) елді мекен үшін су тасқыны құбылыстарының қаупін азайтуға, үш жүз тоқсан төрт (394) мың гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізуге және ауыл шаруашылығында жүз жиырма тоғыз (129) мыңнан астам жұмыс орнын құруға жағдай жасайды. Сонымен қоса, трансшекаралық өзендердің су көлеміне тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Атап айтсақ, Қырғызстаннан отыз (30%) пайызға дейін, Өзбекістаннан жиырма бес (25%) пайызға дейін, ал Ресейден он бес (15%) пайызға дейін.
14 - слайд
Құрметті депутаттар, сонымен қатар сіздермен жағымды ақпаратпен бөліскім келеді.
Биылғы жылы К-19 магистралды каналын цифрландыру бойынша алғашқы пилоттық жоба іске асырылды. Онда Түркістан облысының Мақтарал ауданында ұзындығы он екі (12) километр болатын суармалы жерлердің ауданы үш жарым (3,6) мың гектардан асатын суды есепке алу және бақылау жүйесі орнатылған. Бұл жерде үш жүз жиырма сегіз (328) шаруа қожалығы орналасқан.
Бұл жабдықты іске қосу арқылы қырық бес (45%) пайызға дейін судың артық шығынын анықтауға мүмкіндік берді. Су ресурстарының сенімді есебін жүргізу және үнемдеу үшін таяудағы 5 жыл ішінде елімізде негізгі каналдарды кезең-кезеңімен цифрландыруды жоспарлап отырмыз.
15 - слайд
Енді, ауыз сумен жабдықтау мәселесіне қысқаша тоқтала кетсем. Жалпы бұл жұмыстарды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жүргізеді.
Біз осы мәселе бойынша республикалық меншіктегі топтық су құбырларды пайдалану мен дамытуды қамтамасыз етеміз. Бүгінгі күні республика бойынша жалпы ұзындығы он бес жарым (15,5) мың километр болатын жетпіс төрт (74) топтық су құбырлары бар. Оның отыз жетісі (37) - республикалық меншікте, ал қалған отыз жетісі (37) әкімдіктердің меншігінде тіркелген.
16 - слайд
2019 жылы Павлодар облысында Май және Беловод топтық су құбырлары, сондай-ақ Қарағанды облысында Жәйрем-Қаражал су құбырлары пайдалануға берілді.
Биыл Алматы облысында Қаскелең, Қызылорда облысында Талап және Жиделі, Солтүстік Қазақстан облысында Пресновтің екінші кезегі, Батыс Қазақстан облысында Жымпиты топтық су құбырлары бойынша жұмыстар аяқталатын болады.
Нәтижесінде отыз жеті (37) ауылдық елдімекеннің қырық алты (46) мыңға жуық тұрғыны таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Бұдан басқа, бір қала мен отыз тоғыз (39) ауылдық елді мекеннің ескі су беру жүйесі қайта жөндеуден өтіп, ауыз судың сапасы артады. Өз кезегінде, бұл екі жүз сексен жеті (286,7) мың тұрғынды қамтиды.
17 - слайд
Сондай ақ, биыл үш (3) топтық су құбырының құрылысы басталды. Олар жаңадан салынып жатқан Ақмола облысындағы Макинск пен Ақтөбе облысындағы Жаныс би топтық су құбырлары. Және Қарағанды облысындағы Есқұла топтық су құбырының жаңа бөлігі салынуда. Аталған топтық су құбырлары 2021 жылы пайдалануға беріледі.
Нәтижесінде 3 ауылдық елді мекенде тұратын бір мың үш жүз (1,3) адам үшін сапалы ауыз су қолжетімді болады.
Сонымен қатар, 3 қаланы сумен қамтамасыз ететін құбырлары жаңартылады. Яғни, тоқсан төрт (94) мың тұрғын үшін берілетін ауыз судың сапасы жақсарады.
18 - слайд
Жоспар бойынша, 2025 жылға дейін он бір (11) топтық су құбырлары қайта жаңартылып, жөнделеді. Оның ішінде, бірқатар су құбырлары ұзартылады.
Осының арқасында сексен жеті (87) ауылдық елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл жүз төрт (103,7) мыңға жуық адамды қамтиды.
Сонымен қоса, үш жүз жиырма бір (321) ауылдық елді мекеннің ауыз су беру жүйесі жаңартылатын болады. Бұл, өз кезегінде, бес жүз жиырма бес (525) мың адамды қамтиды.
Жалпы, бес (5) жылдың ішінде үш (3) мың шақырымнан астам топтық су құбырлары салынады. Ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткішін жүз (100%) пайызға дейін жеткізу жоспарлануда
19 - слайд
Су заңнамасын жетілдіру бойынша.
Көптеген сарапшылардың бағалауы бойынша су заңнамасы одан әрі жетілдіруді талап етеді. Қолданыстағы Кодекске он жеті жыл ішінде 62 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді (жылына орта есеппен – 3 реттен сәл артық).
Нәтижесінде құқық қолдану реттілігінің жоғалуы байқалады, бұл тұтастай алғанда су шаруашылығының барлық деңгейлеріндегі жағдайдың нашарлауына әкеледі.
Сонымен қатар, Кодекс су шаруашылығы құрылыстарын жобалау, салу және пайдаланудың техникалық мәселелерін реттемейді. Бұл мәселелер әртүрлі құрылыс нормалары және ережелерімен, министрліктер мен ведомстволардың бұйрықтарымен реттеледі, алайда гидротехникалық құрылыстарға (ГТҚ) қатысты қауіпсіздік мәселелері арнайы заңмен реттелуі тиіс.
Осыны ескере отырып, алдағы жылдары жаңа Су кодексінің және «Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы» Заңының тұжырымдамаларын әзірлеу жоспарланған.
20 - слайд
Құрметті депутаттар, жоғарыда аталған барлық мәселелердің шешілуі әзірленген Су ресурстарын басқару жөніндегі 2021-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада көрініс тапты. Ол бүгінгі таңда Президент Әкімшілігінде келісуден өтуде.
Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты:
Бірінші. Алғашқы кезекте суармалы жерлерді бір бүтін алты (1,6) млн. гектардан үш (3) млн. гектарға дейін ұлғайту үшін қолданыстағы су балансын барынша сақтау (2020 жылғы 4 км3-тен 2030 жылы 1,2 км3-ке дейін). Ол жаңа ирригациялық жүйелерді қайта құру және салу арқылы тұрақты суару кезінде су шығынын азайту есебінен жүзеге асырылады.
Екінші. Жұмыс істеп тұрған су қоймаларын қайта жаңарту және жаңа су қоймаларын салу арқылы қосымша реттелетін су көлемін қамтамасыз ету.
Құрметті депутаттар, су қауіпсіздігі мәселелерін талқылауға мүмкіндік бергендеріңіз үшін сіздерге тағы да алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Және аталған іс-шараларды іске асыру барысында сіздерден қажетті қолдау табатыңымызға сенімдіміз.
Баяндама аяқталды. Назарларыңызға рахмет!