
Астанада Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығы мен «Жасыл даму» АҚ ұйымдастыруымен, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірлескен ұйымдастыруымен және бас демеуші - ЦентрКредит Банкі қолдауымен «CYCLELAB: Болашақ экологиясы» атты студенттік жобалар байқауының финалдық кезеңі өтуде. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша 31 өтінімнің ішінен сарапшылар комиссиясы таңдаған 10 үздік жоба финалға шықты.
Байқауға Астана қаласының, Ақмола және Қарағанды облыстарының колледждері мен жоғары оқу орындарының 16 мен 30 жас аралығындағы студенттері қатысты. Қатысушылар тұрақты даму бағыттары бойынша жобаларын ұсынды: қалдықтарды қайта өңдеу технологиялары, бөлек жинау шешімдері, ақылды сұрыптау жүйелері, экологиялық қаптама дизайны, логистикаға арналған цифрлық құралдар және экологиялық ағарту.
Сарапшылар алқасының бағалау нәтижесі бойынша 10 финалистің ішінен ең перспективалы әрі жан-жақты әзірленген үш жоба жеңімпаз атанады. Финалда қатысушылар жүлде қоры үшін өз бастамаларын қорғайды.
Байқау жұмыстарын бағалауды қайта өңдеу саласының, мемлекеттік сектордың, бизнестің және экологиялық қауымдастықтың өкілдерінен құралған кәсіби қазылар алқасы жүргізеді: Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығының басқарма төрағасы Батырбек Аубакиров, ЦентрКредит Банкі корпоративтік бизнес филиалы директорының орынбасары Асет Құсайынбеков, «Жасыл даму» АҚ қалдықтармен жұмыс істеуді ұйымдастыру департаментінің бас менеджері Рустем Ускенбаев, эколог және эко-белсенді Айдана Қыдырова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Коммуналдық қалдықтар басқармасының сарапшысы Дамигуль Рахманбердиева, сондай-ақ тұрақты даму саласының сарапшысы Асыл Оқапова.
«Біз жастардың жоғары деңгейдегі белсенділігін және ұсынылған идеялардың сапасын көріп отырмыз. Әсіресе жобалардың практикалық қолданысқа бағытталғаны және Қазақстандағы қалдықтарды басқару жүйесін дамытуға нақты үлес қоса алатыны маңызды», — деп атап өтті Қазақстанның қайталама шикізатты қайта өңдеушілер қауымдастығының басқарма төрағасы Батырбек Аубакиров.
CYCLELAB байқауы экологиялық мәдениетті қалыптастыруда және жас жаңашылдарды қолдауда маңызды рөл атқарады. Ол қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы инновациялық шешімдерді дамытуға, тұрақты даму қағидаттарын насихаттауға және мемлекет, бизнес пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді.
Жалпы жүлде қоры 3 700 000 теңгені құрайтын марапаттау рәсімі 2026 жылдың сәуір айында өтеді. Ұйымдастырушылар бұл бастаманы кеңейтіп, CYCLELAB платформасын экологиялық жобаларды қолдаудың және Қазақстанның «жасыл» экономикасы үшін мамандар даярлаудың тиімді құралы ретінде дамытуды жоспарлап отыр.