
Астанада Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында салтанатты іс-шара өтті. Іс-шара барысында EcoQolday цифрлық жүйесін пайдалана отырып қайта өңдеуге жіберілген қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыруда және оқушылар арасында экологиялық білім беруді дамытуда жоғары нәтиже көрсеткен елорданың мемлекеттік мектептері марапатталды.
Шараға 300-ге жуық адам қатысты, олардың қатарында білім беру ұйымдарының басшылары, олардың орынбасарлары, мектеп парламенттерінің өкілдері және экология саласының сарапшылары болды. Бағдарлама «Таза табиғат - жарқын болашақ» атты тақырыптық көрмеден басталып, онда қалдықтарды қайта өңдеу мен қайта пайдаланудың мүмкіндіктерін көрсететін жобалар ұсынылды.
Астана қаласы мектептері арасындағы байқау жеңімпаздары: бірінші орын - Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясы (1825 кг қалдық жиналды),
екінші орын - Мағжан Жұмабаев атындағы №65 мектеп-гимназиясы (1236 кг),
үшінші орын - Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицейі (570 кг).
Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жалпы жобаға Астана қаласының 107 мектебі қатысты.
Жоба аясында оқушыларға арналған экологиялық білім беру іс-шаралары өткізілді, сондай-ақ қалдықтарды бөлек жинауға арналған 2730 экоурна орнатылды. Бұл оқушылардың экологиялық белсенділігін айтарлықтай арттырды.
Құттықтау сөз сөйлегендер қатарында Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары Абылай Алмұханов, сондай-ақ «Халықаралық экологиялық академия» мекемесінің президенті Айгүл Абдуалиева болды.
«Экологиялық мәдениетті ерте жастан қалыптастыру - бұл ел болашағына салынған стратегиялық инвестиция. Бүгінгі оқушылар қоғамда экологиялық жауапты мінез-құлықтың насихаттаушыларына айналуда», - деп «Жасыл даму» АҚ Инвестициялық жобалар департаментінің директоры Серікбол Қалиақбаров атап өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты - қалдықтарды бөлек жинау тәжірибесін ілгерілетуде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген білім беру ұйымдарын ынталандыру, сондай-ақ жас ұрпақ арасында экологиялық жауапкершілікті нығайту болды. Байқау үздік тәжірибелермен алмасуға және білім беру үдерісіне тұрақты шешімдерді енгізуге тиімді алаңға айналды.
«Таза Қазақстан» бастамасы мектеп оқушыларында қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыруға, тұрақты тұтыну дағдыларын дамытуға және ұлттық экологиялық күн тәртібін қолдауға бағытталған. Ұйымдастырушылар бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын атап өтті. Биылдың өзінде облыстық маңызы бар 15 ірі қаладағы мемлекеттік оқу орындарында білім беру іс-шараларын өткізу жоспарланған. Ерекше назар мектеп оқушыларын кеңінен қамтуға және экологиялық ағартудың жаңа, заманауи форматтарын енгізуге аударылады.