Қазақстанда ауылдардағы қалдықтарды шығару жүйесін жақсарту шаралары әзірленуде

Қазақстанда ауылдардағы қалдықтарды шығару жүйесін жақсарту шаралары әзірленуде

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінде ауылдық елді мекендердегі қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) жинау және шығару мәселелері бойынша онлайн-кеңес өтті. Кеңеске министрлік өкілдері, «Жасыл даму» АҚ және облыстардың әкімдіктері қатысты. Жиынға Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев төрағалық етті.

Кездесу барысында ауылдық елді мекендерде ҚТҚ жинау мен шығару саласындағы негізгі проблемалар және оларды елде жүргізіліп жатқан қалдықтарды басқару реформасы аясында шешу жолдары талқыланды. Өткен аптада «Жасыл даму» АҚ Парламент депутаттарына қалдықтарды басқару жүйесін ұйымдастырудың жаңа моделін таныстырған болатын.

Реформаның негізгі міндеттерінің бірі - ауылдық жерлерде ҚТҚ жинау және шығару мәселесін шешу. Мамандардың бағалауынша, бұл мәселе бүгінде шамамен 7,4 миллион адамды, яғни Қазақстан халқының 37 пайызға жуығын қамтып отыр. Ауылдық аумақтарда қызметтердің экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуы бизнес үшін тартымдылықты төмендетеді. Соның салдарынан операторлар саны шектеулі болып, нәтижесінде рұқсатсыз қоқыс үйінділері пайда болуда.

Кеңес барысында Қазақстан Президенті рұқсатсыз қоқыс үйінділерінің мәселесін шешу және ауылдық өңірлерді дамытуға басымдық бере отырып, тиімді қалдықтарды басқару жүйесін қалыптастыру міндетін қойғаны атап өтілді.

Мәселені шешудің бір тетігі ретінде «Жасыл даму» АҚ тарапынан ауылдық жерлерде ҚТҚ жинау және шығару инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жеңілдетілген қаржыландырудың жеке бағдарламасын іске асыру мүмкіндігі қарастырылуда. Мұндай қолдау жобалардың бизнес үшін экономикалық тартымдылығын арттырып, жүйенің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Қазіргі уақытта Экология және табиғи ресурстар министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп өңірлердегі жағдайға талдау жүргізіп жатыр. Бұл талдау аясында қолданыстағы инфрақұрылым, қызметтермен қамту деңгейі және елді мекендердің қажеттіліктері бағалануда. Осы жұмыстардың нәтижесінде ауылдық жерлерде қалдықтарды жинау және шығару жүйесін ұйымдастыру бойынша нақты өңірлік жоспарлар әзірленеді деп жоспарланып отыр.

Жүргізілген талдау нәтижесінде ҚТҚ жинау және шығару қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға, рұқсатсыз қоқыс үйінділерінің санын азайтуға және Қазақстанның ауылдық өңірлеріндегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған кешенді іс-шаралар жоспары қалыптастырылады деп күтілуде.