
2026 жылғы 5 наурызда Астанада, «KAZENERGY» қауымдастығының конференц-залында «Қазақстан Республикасының бизнес секторларын декарбонизациялау мақсатында климаттық қаржыландыруды тарту» тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) ұйымдастырды. Семинарға мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, ұлттық компаниялар, қаржы институттары және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Қошемет сөзбен Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансур Ошурбаев сөз сөйледі. Ол климаттық жобаларды дамыту және халықаралық қаржыландыруды тарту арқылы төмен көміртекті экономикаға көшуге қолдау көрсету маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ажар Сагындыкова, ФАО бағдарламаларының Қазақстандағы үйлестірушісі Жаныл Бозаева қатысты. Іс-шараның модераторы – «Green Academy» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Бахыт Есекина болды.
Семинар барысында қатысушылар халықаралық көміртекті нарықтарды дамыту және Париж келісімінің 6-бабын іске асыру механизмдерін талқылады, соның ішінде төмен көміртекті дамудың жаһандық үрдістері, ерікті және реттелетін көміртекті нарықтардың ағымдағы динамикасы, сондай-ақ Қазақстанның осы механизмдерді енгізуге институционалдық дайындығы мәселелері қаралды.
Қазақстанның Париж келісімінің 6-бабын іске асыруға дайындығы туралы баяндаманы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Климат саясаты департаментінің директоры Сауле Сабиева жасады. Ол ұлттық институционалдық механизмдер, сондай-ақ осы құралдарды Қазақстанның жаңартылған ұлттық климаттық міндеттемелерімен (ОНУВ) сәйкестендіру мәселелері туралы ақпарат берді.
Іс-шара барысында халықаралық климаттық қаржыландыруды тарту және Қазақстандағы климаттық жобаларды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Сарапшылар климаттық жобаларды әзірлеудің практикалық құралдарын таныстырды, соның ішінде жобалық құжаттаманы (PIN, PDD) дайындау, валидация және верификация рәсімдері, сондай-ақ жобалардың экологиялық тұтастығына қойылатын талаптар.
Сонымен қатар семинар барысында шалғындық көміртек, орман шаруашылығы және энергетика саласындағы климаттық жобаларды іске асыру бойынша практикалық кейстер қаралды.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, климаттық жобаларды алға жылжыту және Қазақстан Республикасының төмен көміртекті дамуына инвестиция тарту маңызды екенін атап өтті.