
Соңғы жылдары Қазақстанның экологиялық күн тәртібі негізгі ұлттық басымдықтардың қатарына өтті. Өнеркәсіптік әсердің күшеюі, инфрақұрылымның тозуы, климаттың өзгеруі, азаматтардың экологиялық санасы мен мәдениетінің артуы, халықаралық міндеттемелер талаптары қоршаған ортаны қорғау саласындағы қатынастарды реттеуде түбегейлі жаңа тәсілдерді қажет етеді.
Осы трансформацияның орталық орнын экологиялық әділет алады — бұл мемлекет, қоғам және бизнес мүдделері тоғысатын, халық денсаулығына, экожүйелердің тұрақтылығына және болашақ ұрпақтың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін шешімдер қабылданатын сала.
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мемлекеттік экологиялық бақылауды жаңғыртуда, заңнаманы реформалауда, экологиялық мониторингтің цифрлық технологияларын енгізуде, рұқсат етілген әсер критерийлерін айқындауда және соттарда пайдаланылатын ашық дәлелдемелік базаны қалыптастыруда жүйе құраушы рөл атқарады.
Осы шаралардың барлығы елдегі экологиялық әділеттің жаңа контурын қалыптастырады, мұнда соттар құқық бұзушылық фактісін ғана емес, сонымен бірге кәсіпорынның технологиялық жетілгендігін, үздік технологиялардың қолжетімділігін, халыққа төнетін қауіптің шынайылығын және қалпына келтіру шараларының сипатын бағалау мүмкіндігіне ие болады.
Қазіргі уақытта экологиялық саясаттың негізгі қағидаты «ластаушы төлейді» принципі болып табылады. Бұл қағидатқа сәйкес ластаушы тек эмиссиялар үшін және нормативтен тыс шығарындылар үшін айыппұл төлеумен шектелмей, табиғи ортаның құрамдас бөліктерін бастапқы күйіне дейін қалпына келтіру арқылы экологиялық зиянды өтейді. Экологиялық зиян тек ақшалай өлшеммен бағаланбайды, ол қоршаған ортаның құрамдас бөліктерін қалпына келтіруге бағытталған кешенді іс-шаралар ретінде қарастырылады.
Осылайша, жаңа модель табиғатқа келтірілген зиянды нақты өтеуге және экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіруге бағытталған, бұл экологиялық жауапкершілікке заманауи көзқарасты білдіреді. Бұл — қоршаған ортаға келтірілген зиянды өтеуге және болашақ құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жаңа тәсіл. Ол кәсіпорындарды технологияларды жаңғыртуға, тазарту құрылыстарының тиімділігін арттыруға, қалдықтарды азайтуға және апаттық шығарындылар тәуекелдерін төмендетуге ынталандырады.
Бұл модельге көшу бірінші санаттағы кәсіпорындар үшін міндетті болып табылатын үздік қолжетімді технологияларды (ҮҚТ) енгізумен толықтырылады. Бұл — экологиялық істердегі кінә мен жауапкершілік өлшемін түсінуді өзгертетін негізгі құрал.
Егер кәсіпорында экологиялық қауіпсіз технологияны енгізу мүмкіндігі бола тұра, ол саналы түрде жоғары ластану тудыратын ескірген шешімдерді қолдануды жалғастырса, мұндай әрекетсіздік экологиялық адал еместіктің бір түрі ретінде қарастырылады. Соттар үшін бұл жауапкершілік дәрежесін және экологиялық зиян мөлшерін неғұрлым қатаң бағалауға негіз бола алады.
Экологиялық істер бойынша дәлелдемелік базаны қалыптастыруда мемлекеттік экологиялық бақылауды цифрландыру маңызды рөл атқарады. Экологиялық кодекс I санаттағы объектілер операторларының қоршаған ортаға эмиссияларды автоматтандырылған мониторинг жүйесін (АМЖ) енгізу міндетін тікелей көздейді. Бұл жүйе нақты уақыт режимінде шығарындыларды, төгінділерді, ластаушы заттардың концентрациясын және нормативтердің асып кетуін тіркеуге мүмкіндік береді.
АМЖ орнату айтарлықтай уақыттық және қаржылық шығындарды талап етеді. Дегенмен, 2025 жылдың соңына қарай республика бойынша аталған санаттағы 78 объект операторы нақты уақыт режимінде деректерді беретін мониторинг жүйесін енгізді. Сонымен қатар, Мәжілісте I санаттағы объектілер операторларының АМЖ орнатпағаны және деректерді Қазақстан Республикасының қоршаған орта және табиғи ресурстардың жай-күйі жөніндегі ұлттық деректер банкіне бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікті көздейтін заң жобасы қаралуда.
Заңнамадағы бұл жаңалықтар объективтілікті, үздіксіздікті және экологиялық деректердің айқындылығын қамтамасыз ете отырып, түбегейлі жаңа дәлелдемелік ортаны қалыптастырады.
Бұрынғы таңдаулы сынамалар мен эпизодтық тексерулерге негізделген тәжірибеден айырмашылығы, цифрлық мониторинг оқиғалардың нақты хронологиясын құрып, теріс әсердің көзін және сипатын анықтайды.
Заңнамалық деңгейде ірі кәсіпорындарда қоршаған ортаның жай-күйін автоматтандырылған мониторинг жүйесін міндетті түрде енгізу сот дауларының сипатын да өзгертеді. Қоршаған ортаны ірі ластаушылар метрологиялық тексеруден өткен датчиктердің деректерін асыра көрсету фактісін енді дауламайды, себебі бұл объективті дәлел болып табылады. Даулар нормативтердің асып кету себептерін талдау, кәсіпорынның мінез-құлқын бағалау, жауапкершілікті бөлу және зиянды есептеу саласына ауысады.
Осыған байланысты экологиялық әділеттің жаңа кезеңі қалыптасып келеді деп пайымдаймыз, онда шешімдер даулы тексеру актілеріне емес, белгілі бір кезеңдегі толық цифрлық деректер жиынтығына негізделіп қабылданады.
Реформалардың маңызды бағыты — қоршаған ортаға теріс әсер ететін объектілерді әсер деңгейі мен тәуекеліне қарай санаттарға бөлу. Бұл тәсіл сараланған құқықтық реттеуді қамтамасыз етеді және жоғары экологиялық жүктеме түсіретін кәсіпорындарға қатаң талаптар белгілеуге мүмкіндік береді.
Ең қатаң талаптар I санаттағы ірі өнеркәсіптік кешендерге, металлургиялық және мұнай-химия өндірістеріне, энергия өндіруші және тау-кен компанияларына қолданылады. Дәл осы кәсіпорындарға өнеркәсіптік шығарындылардың және техногендік жүктеменің негізгі бөлігі (80%) тиесілі. Осыған байланысты олар үшін ҮҚТ енгізу, қоршаған ортаға эмиссияларды автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнату және кешенді экологиялық рұқсат (КЭР) алу міндетті болып табылады.
Объектілерді санаттарға бөлу жүйесі экологиялық әділет үшін аса маңызды мәнге ие.
Біріншіден, ол кәсіпорындардың табиғатқа әсеріне байланысты талаптардың нормативтік негізделген шкаласын қалыптастырады, бұл соттарға тәуекел деңгейін және экологиялық жауапкершілік дәрежесін объективті бағалауға мүмкіндік береді.
Екіншіден, ҮҚТ, АМЖ және КЭР болуы ашық дәлелдемелік базаны қалыптастырады. Соттар қоршаған ортаның жай-күйін автоматтандырылған мониторинг жүйесінің сенімді деректеріне, техникалық параметрлерге және кәсіпорынның шығарындыларды азайту бойынша нақты мүмкіндіктеріне сүйене алады.
Объектілерді санаттарға бөлу және сараланған талаптарды белгілеу құқық бұзушылықтың ауырлығын дәлірек анықтауға, кәсіпорынның мінез-құлқын объективті бағалауға және экологиялық заңнаманың алдын алу функциясын күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл экологиялық әділет жүйесін неғұрлым дәйекті әрі әділ етеді.
Мемлекеттік экологиялық бақылаудың заманауи жүйесі үш негізгі қағидатқа негізделген: ашықтық, цифрландыру және превентивтілік. Мемлекеттік экологиялық инспектор енді жай ғана бақылаушы емес, құқық бұзушылықты тіркеуден бастап деректерді электрондық жүйеге енгізуге дейінгі үздіксіз дәлелдер тізбегін қамтамасыз ететін маман.
Өз жұмысында инспектор цифрлық өлшеу құралдарын, бейнетіркеуді, фотобекітуді, зертханалық әдістерді және сынама алу стандарттарын қолданады. Мұндай тәсіл тексеру материалдарының сапасын арттырады, дәлелдемелерді криминалистикалық деңгеймен салыстырмалы етеді және соттың алынған деректерге деген сенімін арттырады.
Сонымен қатар, Министрлік сот тәжірибесінде түсіндіруді қажет ететін мәселелерді анықтады.
Ең күрделі мәселелердің бірі — қоршаған ортаға теріс әсер ету кезеңін, яғни ластаушы заттың шығарындылары немесе төгінділері нақты қашан басталғанын анықтау. Үздіксіз мониторинг болмаған жағдайда кәсіпорындар бұзушылықтың уақытын және ұзақтығын өз пайдасына түсіндіріп, сот дауларына негіз жасай алатын. Бұл қоршаған ортаны қорғау мүдделеріне қайшы келеді, өйткені экологиялық зиянды дәл есептеуге және қауіптілік дәрежесін анықтауға мүмкіндік бермейді.
Осы олқылықтарды жою мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде ластаушы заттар шығарындылары фактісі анықталған жағдайда қоршаған ортаға теріс әсердің басталу сәтін заңнамалық тұрғыда бекітуді көздейтін заң жобасы қаралуда. Бұл құқық қолдану тәжірибесін біріздендіруге және қоршаған ортаны қорғау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік экологиялық бақылау шеңберінде анықталған экологиялық құқық бұзушылықтар бойынша тексеру нәтижелері туралы актілерді жасау кезінде заңдылықты қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.
Негізгі бұзушылықтарды мұнай-газ, энергетика, тау-кен және металлургия салаларындағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар, сондай-ақ қалдықтармен жұмыс істеуге байланысты объектілер жасайды. Шағын және орта бизнес ауыр экологиялық құқық бұзушылықтарға өте сирек қатысады. Процессуалдық немесе рәсімдік бұзушылық нақты ластануды азайтпайды, қауіпті жоймайды және табиғатқа келтірілген зиянды өтемейді. Мұндай жағдайларда басымдық әрекеттің мәніне және қоршаған ортаға келтірілген зиян фактісіне берілуі тиіс.
Егер экологиялық құқық бұзушылық фактісі құжат жүзінде расталса, бақылау субъектісі бұзушылықты жоққа шығармаса, ластану фото және бейнетіркеулермен, аспаптық өлшеулермен расталса және халық денсаулығына қауіп төндірсе, тексеру актісін рәсімдеу кезіндегі формалды процессуалдық немесе рәсімдік қателік (мысалы, қолтаңбаның болмауы) үшін ғана операторларды жауапкершіліктен босату әрдайым объективтілік, жан-жақтылық және заңдылық қағидаттарына сәйкес келе бермейді.
Өкінішке қарай, бұрын кейбір кәсіпорындар құжаттардағы формалды бұзушылықтарға сүйене отырып жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан жағдайлар болған, ал келтірілген зиян қалпына келтірілмей қалған. Процессуалдық формальдылықтар мазмұннан жоғары қойылатын тәсіл адал емес мінез-құлықты ынталандырады және азаматтардың денсаулығы мен елдің экологиялық қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
Халықаралық тәжірибе бұл мәселені нақты шешеді: егер соңғысы құқық бұзушылықты тіркеу фактісіне әсер етпесе, дәлелденген ластану әрқашан процессуалдық немесе рәсімдік қателіктен басым болады.
Осының барлығы экологиялық әділеттің заманауи моделінің негіздерін қалыптастырады, мұнда соттар тек құқық бұзушылық фактісін анықтап қана қоймай, сонымен бірге кәсіпорынның технологиялық жетілгендігін, зиянның алдын алу қабілетін, әсерді азайтудың қолжетімді әдістерінің болуын, экологиялық міндеттемелерді адал орындауын және табиғатты қалпына келтіру бойынша шараларды уақтылы қабылдауын бағалайды.
Осылайша, мемлекеттік экологиялық бақылау реформалары, мониторингті цифрландыру, ҮҚТ енгізу, дәлелдемелер жүйесін дамыту және заңнамадағы олқылықтарды жою экологиялық әділеттің жаңа стандартын қалыптастырады.
Қазақстан экологиялық талаптарды сақтау формалды міндет емес, тұрақты дамудың негізі болып табылатын модельді қалыптастыруда, мұнда экологиялық әділет табиғатты қорғау құралы ғана емес, қазіргі және болашақ ұрпақ денсаулығының қауіпсіздігінің кепіліне айналады.