Экология саласындағы жұмыс қорытындылары туралы

Экология саласындағы жұмыс қорытындылары туралы

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Кеңейтілген алқа барысында вице-министр Жомарт Әлиев елдегі экологияның жай-күйі және 2025 жылғы жұмыс қорытындылары туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, есепті кезеңде экологиялық жүктеменің төмендеуі қамтамасыз етіліп, табиғат қорғау заңнамасының сақталуына бақылау күшейтілді. Шығарындылар көлемі 4,01 млн тоннаны, төгінділер көлемі 2,3 млн тоннаны құрады, бұл тиісінше 2024 жылғы көрсеткіштерден 0,5% және 2,5%-ға төмен. Бұл ретте шығарындылардың 63%-ы 50 ірі өнеркәсіптік кәсіпорынға тиесілі, нормативтік көлемі 148 мың тоннаға (-7,2%) төмендетілген.

Мониторингтің автоматтандырылған жүйелерін енгізу жалғасуда.

Бүгінгі таңда талап 115 ірі кәсіпорынға қатысты, олардың көпшілігі деректер жүйесіне қосылған. Арнайы датчиктер әр 20 минут сайын ластаушы заттардың концентрациясы туралы деректерді жүйеге тікелей жібереді.

2025 жылы ғарыштық мониторингті пайдалана отырып, 3828 рұқсат етілмеген полигон анықталды, олардың 95% жойылды. Экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 165 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жеңілдетілген қаржыландыру тетігі шеңберінде бүгінгі күні инфрақұрылымды дамыту және қалдықтармен жұмыс істеу бойынша мақұлданған 62 жобаның 25-і жалпы сомасы 294 млрд теңгеге, оның ішінде қоқыс таситын көліктерді сатып алу, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі жобалар іске асырылуда.

Сонымен қатар, Республикалық маңызы бар қалаларда қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауыттарын салу бойынша 293 млрд теңге сомасына инвестициялар туралы келісімдер жасалды.

«Экоқолдау» бағдарламасы аясында 60 мың тоннаға жуық қалдық қайта өңделді.

Жалпы қуаттылығы тәулігіне 3600 тонна болатын Астана, Алматы және Шымкент қалаларында үш қоқыс өртейтін зауыт салу жоспарлануда.

Қалдықтардың барлық түрлерін басқарудың 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.

Министрлік экологиялық жүктемені азайту, заңнаманы жетілдіру және қалдықтармен жұмыс істеудің заманауи инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жүйелі шараларды іске асыруды жалғастырады.