Қазақстан өңірлік күн тәртібін қалыптастыруда: Астанада ӨЭС-2026 қарсаңында «Жасыл мектеп» өңірлік платформасының іске қосылуы талқыланды

Қазақстан өңірлік күн тәртібін қалыптастыруда: Астанада ӨЭС-2026 қарсаңында «Жасыл мектеп» өңірлік платформасының іске қосылуы талқыланды

Астанада 22-24 сәуір аралығында өтетін 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммит (RES 2026) қарсаңында елордада Орталық Азия елдерінің бейінді министрліктері өкілдерінің, халықаралық ұйымдар мен сарапшылардың қатысуымен жоғары деңгейдегі дайындық кеңесі өтті.

Кеңестің басты тақырыбы «Жасыл мектеп» өңірлік платформасын — Қазақстан Үкіметі мен ЮНИСЕФ қолдауымен жұмыс істейтін және өңірлік деңгейде үйлестірілетін бастаманы талқылау болды. Ол Орталық Азия елдерінің экологиялық тұрақты білім беру жүйелеріне көшуін қолдауға арналған. Платформа климаттық білім беруді ілгерілету, климатқа төзімді мектеп инфрақұрылымын дамыту, жастардың бастамаларын қолдау және білім беру секторында басқару және қаржыландыру жүйелерін нығайту үшін үкіметтерді, даму серіктестерін және халықаралық қаржы институттарын біріктіреді.

Платформа RES 2026 барысында бекітуге жоспарланып отыр және білім алмасуды ұлттық саясаттармен және инвестициялық шешімдермен, соның ішінде ұлттық деңгейде айқындалатын салымдар (ОНУВ) 3.0. шеңберінде елдердің міндеттемелерін іске асырумен байланыстыратын өңірлік ынтымақтастықтың ерікті тетігі болады.

Кеңеске қатысушылар білім берудің аймақ алдында тұрған климаттық сын-қатерлерге негізгі жауаптардың бірі ретіндегі рөлін талқылады.

Кеңесте Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев құттықтау сөз сөйледі, Қазақстан климаттық және экологиялық күн тәртібін дәйекті түрде ілгерілетіп келе жатқанын және өңірлік шешімдерді іске қосу алаңына айналуға дайын екенін атап өтті.

«Қазақстан білім беруді тұрақты даму мен ұзақ мерзімді климаттық шешімдердің негізгі элементі ретінде қарастырады. Біз RES 2026-да «Жасыл мектеп» өңірлік платформасын қабылдауға және оның бүкіл өңірдің мүддесі үшін дамуына жәрдемдесуге дайынбыз», - деп атап өтті министр.

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мұстафа Сарвар Қазақстан БҰҰ РКИК шеңберінде ұсынылған ОНУВ 3.0-ге климаттық білім беру және жастардың қатысуы мәселелерін енгізгенін атап өтті.

«Бұл Қазақстанның климаттық саясаты болашақ ұрпаққа бағытталғанын көрсетеді. «Жасыл мектеп» аймақтық платформасы бұл міндеттемелерді мектептер мен балалардың өміріндегі нақты өзгерістерге айналдыруға көмектеседі», - деді ол.

Экологиялық мәдениеттің білім беру жүйелері үшін маңыздылығына Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова да тоқталды:

«Білім беру жүйесінде “Таза Қазақстан” тұжырымдамасы өсіп келе жатқан ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастырудағы негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. Біз үшін әрбір мектеп тек сапалы білім беретін орта ғана емес, сонымен қатар тазалықтың, қауіпсіздіктің және орнықты дамудың аумағы болғаны маңызды».

Дайындық кеңесіне Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан экология және білім министрліктерінің өкілдері қатысты. Қатысушылар «жасыл» мектептер мен климаттық білім беру саласындағы ұлттық басымдықтар мен табысты тәжірибелерді ұсынды, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен және көпжақты даму банктерімен әріптестікті қоса алғанда, ынтымақтастық пен қаржыландыру мәселелерін талқылады. Соңында қатысушылар RES 2026 өткізу алаңына және тұрақты даму, жасыл энергетика және климаттық тұрақты инфрақұрылым саласындағы шешімдер мен технологиялар ұсынылатын болашақ көрме аймағына барды.

Дайындық кеңесінің нәтижелері RES 2026 қорытынды күн тәртібін және білім беру жүйелерін нығайтуға және климаттың өзгеруі жағдайында балалардың болашағын қорғауға бағытталған одан әрі шешімдерді қалыптастыру кезінде пайдаланылатын болады.