ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы баяндамасы

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің  Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы баяндамасы

Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!

Құрметті депутаттар!

Заң жобасында Салық кодексіне және Салық кодексін қолданысқа енгізу туралы Заңға келесідей мәселелер бойынша түзетулер көзделген.

Ең озық қолжетімді технологияны енгізу арқылы кешенді экологиялық рұқсатты алған жаңа объектілердің операторларына қатысты эмиссия үшін төленетін төлемдерден босату бойынша тиісті түзетулер ұсынылды.

Сонымен қоса, қолданыстағы кәсіпорындар үшін де осындай тетік қарастырылған. Эмиссия үшін төленетін төлемдерден босатылуы үшін олар экологиялық тиімділікті арттыру мен ең озық қолжетімді технологияны енгізу бағдарламасын әзірлеп, оны жүзеге асыру қажет.

Кешенді экологиялық рұқсатты алмаған бірінші санаттағы қолданыстағы объектілер бойынша қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемақы мөлшеріне 2, 4 және 8 есе ұлғайтылған коэффициенттер қолданылады. Бұны кешенді экологиялық рұқсатқа көшуді ынталандыратын қосымша бір шара ретінде қарастырамыз.

Бұл ретте, бірінші санаттағы 50 ірі кәсіпорындар үшін мұндай ұлғайту 2025 жылдан, ал бірінші санаттағы қалған нысандар үшін 2031 жылдан басталады. Айта кетерлік, 3 жыл сайын ұлғайту коэффициенттері 2 еселеніп тұрады.

Яғни, бүгінгі таңда жұмыс жасап тұрған әрбір ірі кәсіпорын ертең өз еркімен таңдау жасайды. Не осы қалпында қоршаған ортаға кері әсер етіп, жылдар сайын еселенетін экологиялық төлем төлейді. Немесе ең озық қолжетімді технологияны енгізіп, ластаушы кейпінен арылып, эмиссия үшін төленетін төлемдерден босатылады.   

Заң жобасы шеңберінде жергілікті мәслихаттардың қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін эмиссия үшін төленетін төлемақы 2 есеге ұлғайту жөніндегі құзыретін алып тастайтын түзету ұсынылды. Себебі дәл осы заң жобасында экологиялық төлемақының базалық ставкасы 2 есе ұлғайтылды. Бұл дегеніміз, бұрынғы эмиссия үшін төленетін 2 еселенген төлемақы мен жаңадан енгізілген 2 еселенген базалық ставканың суммасы бірдей болды.  

Салықтық реттеуді жетілдіруге қатысты келесіні айта кету керек. Түзетулер енгізілгеннен кейін қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемдер бойынша міндеттемелердің орындалуына салықтық тексерулерді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган емес, салық органдары жүргізеді деп болжануда.

Себебі бюджетке міндетті төлемдердің төленуін тексеру қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қарағанда салық органдарының құзыретіне көбірек тән.

Сондай-ақ, төртінші санаттағы объектілердің операторлары салықтық реттеуден шығарылатын болады. Өйткені олардың тарапынан эмиссиясы аз көлемде байқалады.  

Заң жобасы барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді, заңнамада талап етілетін барлық келісулер, сараптамалар алынды.

Сіздерден қолдауларыңызды сұраймын.

Баяндама аяқталды, назарларыңызға рахмет!