Экожурналистика салалық журналистерді даярлау бағыттарының бірі болмақ

Экожурналистика салалық журналистерді даярлау бағыттарының бірі болмақ

Бүгін Нұр-Сұлтанда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов Өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумның мақсаты - экология саласында маманданған салалық журналистерді даярлау.
Меморандум тараптардың экожурналистерді даярлау мәселесінде ынтымақтастығын көздейді. Тараптардың әрқайсысы өз құзыреті шеңберінде болашақ журналистердің кәсібилігін арттыруға жағдай жасауға ниетті.

Бұл ретте экология мәселелері қоғамда өте өзекті және кеңінен жария етілуде екендігін атап өткен жөн. Тиісінше осы салада тиімді ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізуді қажет етеді.

Меморандум аясында бірқатар нақты іс-шаралар өткізілмек, оның ішінде білім беру бағдарламалары жетілдіріледі, студенттердің кәсіби практикалары мен тағылымдамалары ұйымдастырылады, салалық журналистердің пулдары құрылады.

Нәтижесінде медиа нарықты экология саласында материалдар іздеуге және мақалалар дайындауға маманданған білікті журналистермен қамтамасыз ету жоспарлануда.