Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан – Қытай комиссиясының 12-отырысы өтті

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан – Қытай комиссиясының 12-отырысы өтті

2026 жылғы 16 қаңтарда ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М.Т. Ошурбаев пен Қытай Халық Республикасы Экология және қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары Го Фанның теңтөрағалығымен Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан – Қытай комиссиясының 12-отырысы өтті.

Іс-шараны ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі  
М.Т. Ошурбаев аша отырып, ауаның, судың және топырақтың ластануы, қалдықтарды басқару, сондай-ақ климаттың өзгеруінің салдары сияқты ортақ экологиялық сын-қатерлерді шешу үшін екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда Қазақстан–Қытай комиссиясының экологиялық мәселелерді талқылау мен шешудің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді және трансшекаралық өзендердің су сапасын қорғау туралы келісімді іске асырудың маңызды тетігі екені ерекше атап өтілді.

Отырыс барысында Комиссия аясындағы екі жұмыс тобының 2025 жылғы қызметі туралы баяндамалар тыңдалды. Тараптар Қара Ертіс, Іле, Текес, Қорғас және Еміл трансшекаралық өзендерінің су сапасын мониторингтеу бойынша практикалық өзара іс-қимылды, сондай-ақ жедел ақпарат алмасу тетіктерінің тиімді жұмысын, бірлескен оқу-жаттығулар мен сараптамалық семинарлардың өткізілгенін атап өтті.

Қазақстан тарапының озық қолжетімді технологияларды (ОҚТ) енгізу саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бастамасына ерекше назар аударылды. Осы тақырыпта «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары  
Б.Б. Абенов баяндама жасап, Қазақстанда ОҚТ енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелерін және осы салада ҚХР-мен одан әрі өзара іс-қимылдың ықтимал бағыттарын таныстырды.

ҚХР Экология және қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары Го Фан өз сөзінде Қытайда экологиялық өркениет қағидаттары жүйелі түрде ілгерілеп жатқанын, жасыл желектерді дамыту мен экожүйелерді қалпына келтіруге бағытталған ауқымды бағдарламалар іске асырылып жатқанын, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және ластаушы заттар шығарындыларын қысқарту бойынша белсенді шаралар қабылданып жатқанын хабарлады.

Го Фан қытай тарапының биологиялық әртүрлілікті сақтау, пластикпен ластануға қарсы, сондай-ақ жасыл технологияларды дамыту және енгізу салаларында Қазақстанмен ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін атап өтті. Сонымен қатар қазақстандық тарапты ағымдағы жылдың сәуір айында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы іс-шараларға қатысуға шақырды.

 

Өз кезегінде Вице-министр М.Т. Ошурбаев қытай тарапын 2026 жылғы
22–24 сәуір аралығында Астана қаласында өтетін Орталық Азияның өңірлік экологиялық саммитке белсенді қатысуға шақырды.

Отырыс қорытындысы бойынша Қоршаған ортаны қорғау саласындағы Қазақстан – Қытай ынтымақтастық комиссиясының 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, Комиссияның 12-отырысының хаттамасына қол қойылды.

Кездесу соңында тараптар қоршаған ортаны қорғау және орнықты дамыту мәселелері бойынша конструктивті өзара іс-қимылды әрі қарай жалғастыруға және ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін растады, сондай-ақ Комиссияның келесі отырысын ағымдағы жылдың соңына дейін ҚХР өткізуге уағдаласты.